Санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды цифрландыру деректерді өңдеу уақытын бірнеше есе қысқартты

    «Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау» ақпараттық жүйесін (СЭҚ АЖ) енгізу деректерді өңдеу уақытын қысқартуға және санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың бірқатар рәсімдерін автоматтандыруға мүмкіндік берді.
    Жүйе 2025 жылғы тамыздан бастап қолданысқа енгізіліп, 200 мыңнан астам бақылаудағы объекті туралы мәліметтерді біріктірді. Мемлекеттік деректер базаларымен интеграцияның арқасында объектілер, рұқсат беру құжаттары, зертханалық зерттеулер, медициналық қарап-тексерулер және қабылданған әкімшілік шаралар туралы ақпарат бірыңғай цифрлық контурда қолжетімді болды.
    Цифрландырудың практикалық әсері жүйенің жұмыс істеу барысында-ақ байқалды.
    Өндірістік бақылау бойынша есептілікті қолмен өңдеу көлемі 23,8%-ға қысқарды, ал өндірістік бақылау бойынша цифрлық есептіліктің үлесі 47,7%-ға артты.
    Бұл ретте ұсынымдарды дайындау уақыты екі күннен 15 минутқа дейін, ал бір объектіге қашықтан бақылау жүргізу үшін қажетті ақпаратты жинау уақыты үш күннен бір сағатқа дейін қысқарды.
    Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында СЭҚ АЖ арқылы 13 562 өндірістік бақылау есебі қабылданды. Деректерді талдау барысында 4 777 бұзушылық анықталды, ал 470 объект тәуекелдерді бағалау негізінде автоматтандырылған талдау арқылы тексерулер жоспарына енгізілді.
    Жүйенің маңызды артықшылықтарының бірі өндірістік бақылауды қашықтан талдау мүмкіндігі болды. Бұл объектілерді бармай-ақ бақылаумен қамтуды, оның ішінде субъектілердің өндірістік бақылау нәтижелері туралы есептілікті уақтылы және толық ұсынуын бағалауға мүмкіндік берді.
    Автоматтандыру қажетті рұқсат беру құжаттары жоқ немесе белгіленген есептілікті ұсынбайтын объектілерді анықтауды да қамтамасыз етті.
    Жүйе күн сайын мерзімі өткен жеке медициналық кітапшалар туралы мәліметтерді объектілер бойынша бөліністе қалыптастырады. Бұл медициналық қарап-тексерулерге қойылатын талаптардың сақталуын қашықтан бақылау және анықталған бұзушылықтарға жедел ден қою мүмкіндігін кеңейтті.
    Осылайша, СЭҚ АЖ қолданыстағы процестерді электрондық форматқа көшірумен ғана шектелмей, санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға деген тәсілді өзгертті — үлкен көлемдегі деректерді қолмен өңдеуден оларды автоматтандырылған талдауға және нәтижелерін басқарушылық шешімдер қабылдауда пайдалануға көшуге мүмкіндік берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті" жаңалықтары