
Топырақ қоршаған ортаның маңызды құрамдас бөлігі және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығымен тікелей байланысты. Топырақтың химиялық заттармен, қалдықтармен және ауру тудыратын микроорганизмдермен ластануы адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Қазақстанда топырақтың санитариялық жай-күйі санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде бақыланады. Жыл сайын Комитеттің аумақтық департаменттері 7 мыңнан астам топырақ сынамасын алып, зерттейді. Сынамалар химиялық ластаушы заттар мен ауыр металдарға, санитариялық-микробиологиялық көрсеткіштерге, гельминт жұмыртқаларына және белгіленген гигиеналық нормативтерге сәйкес басқа да көрсеткіштерге зерттеледі.
Сынамалар тұрғын үй құрылысы аумақтарынан, балалар мен сауықтыру ұйымдарынан, демалыс аймақтарынан, ауыл шаруашылығы алқаптарынан, сондай-ақ өнеркәсіптік және коммуналдық қалдықтардың ықтимал әсер ету орындарынан алынады.
Ластанған топырақ зиянды заттар мен микроорганизмдердің адам ағзасына шаң арқылы, тамақ өнімдерімен бірге және топырақпен тікелей жанасу кезінде түсу көзі болуы мүмкін. Әсіресе балаларға ерекше назар аудару қажет, өйткені олар ойын кезінде топырақпен жиі жанасып, оның бөлшектерін қолына жұқтыруы мүмкін.
Мониторинг нәтижелері бойынша сынамалардың шамамен 1–1,2%-ында бактериологиялық көрсеткіштер бойынша, ал 0,1–0,3%-ында санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша белгіленген талаптарға сәйкессіздіктер анықталады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда құзыреті шегінде оларды жоюға және ластанудың қайталануын болдырмауға бағытталған тиісті шаралар қабылданады.
Топырақтың тазалығын сақтау – аурулардың алдын алуға, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың денсаулығын қорғауға қосылған маңызды үлес.









