Қазақстанда атмосфералық ауаның сапасы санитариялық-эпидемиологиялық бақылауда

    Атмосфералық ауаның сапасы халықтың денсаулығына әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады. Бұл мәселе ірі және халық тығыз қоныстанған қалалар, өнеркәсіптік өңірлер және көлік жүктемесі жоғары аумақтар үшін ерекше маңызға ие.

    Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмысының негізгі бағыттарының бірі – атмосфералық ауаның жай-күйіне мониторинг жүргізу. Ауа сынамалары көпжылдық зерттеулердің нәтижелері мен халық денсаулығына төнетін ықтимал тәуекелдерді ескере отырып айқындалған бақылау нүктелерінен алынады.

    Жыл сайын республика бойынша 600 мыңнан астам атмосфералық ауа сынамасы алынып, зерттеледі. Мониторинг шамамен 4,1–4,5 мың бақылау нүктесінде жүргізіледі. Жекелеген ластаушы заттардың құрамы бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтін сынамалардың үлесі 1,4–2,1% құрайды.

    Соңғы 10 жылда медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар экологиялық факторлардың халық денсаулығына әсерін зерттеуге бағытталған 40-тан астам ғылыми зерттеу жүргізді. Олардың қатарында мұнай-газ саласы дамыған өңірлердегі, уран кен орындары орналасқан аумақтардағы және Арал маңы тұрғындарының денсаулық жағдайына жүргізілген зерттеулер бар.

    Санитариялық қызмет атмосфералық ауаның ластану деңгейі мен халық денсаулығының жай-күйі арасындағы байланысты бағалап, тәуекелдерді айқындайды. Зерттеу нәтижелері басқарушылық шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданып, өңірлерді дамыту, жер учаскелерін пайдалану және зиянды заттар шығарындыларының көздері болып табылатын объектілерді орналастыру мәселелерін жоспарлау кезінде ескеріледі.

    Осылайша, атмосфералық ауаның санитариялық мониторингі экологиялық тәуекелдерді уақтылы анықтауға және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті" жаңалықтары