Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылындағы бұрынғы аудандық аурухананың ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, алдағы уақытта психоневрологиялық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ретінде пайдалануға беріледі. Көптен бері бос тұрған ғимаратты тиімді пайдалану мәселесі осылайша өз шешімін табуда.
Жалпы ауданы 2 851,5 шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимараттың жобалық қуаттылығы – 150 адам. Мұнда психоневрологиялық ауытқулары бар, 18 жастан асқан I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады. Орталықтың штаттық құрамы 114 бірлікті құрайды.
Қазіргі таңда ғимаратта жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігер «KDC Construction» ЖШС сыртқы қасбетті толық жаңартып, ішкі әрлеу жұмыстарына кіріскен. Демонтаж жұмыстары аяқталып, терезелер ауыстырылған, жаңа кафель төселіп, жылу жүйесі іске қосылған. Сондай-ақ сантехникалық жұмыстар да аяқталған. Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі орындалып, ішкі әрлеуді осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Орталықты келер жылы пайдалануға беру көзделген.
Облыстық №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Төкенұлы Нұрланның айтуынша, ғимаратты жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жөндеу аяқталған соң нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға қызмет көрсететін болады.
Ауыл тұрғындары да бұл бастаманы қуанышпен қабылдауда. Олардың айтуынша, кезінде аудандық аурухана болған ғимараттың бос тұруы көптен бері өзекті мәселелердің бірі еді. Тұрғындар жиындарында бірнеше рет көтерілген бұл мәселенің шешімін тауып, ғимараттың қайта жаңғыртылуы – ауыл үшін маңызды оқиға.
«Ауылдың дәл ортасында орналасқан бұл ғимараттың қайта жөнделіп, игілікке берілетініне қуаныштымыз. Орталық іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылымыздың ажары арта түседі. Ең бастысы, ерекше күтім мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетіліп, олардың оңалуына және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік туады. Көптен бері бос тұрған нысанның қайта іске қосылуы – ауылымыз үшін үлкен үміт», – дейді ауыл тұрғыны Зоя Бөлекова
Иә, бұл жоба – ескі ғимаратты жаңғырту ғана емес, әлеуметтік маңызы зор нысанды ел игілігіне жаратуға бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта орталықтың іске қосылуы әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауылдың дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде.









