Жетісу облысының Полиция департаментінде 2026 жылдың тоғыз айындағы қызметтік жұмыстың қорытындысына арналған аппараттық кеңес өтті. Жиын барысында қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер марапатталды.
Көп жылғы мінсіз қызметі үшін Дәулет Смахов пен Мұхтар Бертісов құрметті еңбек демалысына салтанатты түрде шығарып салынды. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік қызметкерлер және Алакөл мен Балқаш көлдерінде шомылу маусымы кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен полицейлер грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Арнайы жедел әрекет ету жасағы қызметкерлерінің спорттағы жетістіктері де назардан тыс қалмады. Әмбебап жекпе-жектен 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өткен жарыста Мақсат Оңалбаев екінші, ал Мәди Досмұхамбетов бірінші орынды иеленді. Екі спортшы да Түркияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
Тоғыз айдың қорытындысын талқылау барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды.
Есепті кезеңде ұрлық қылмыстары 16,5%-ға, интернет-алаяқтық 20,4%-ға азайды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 11,3%-ға, ал көшелердегі қылмыстар 19,9%-ға төмендеді.
Есірткі қылмысына қарсы күресте де айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Заңсыз айналымнан 647 келі есірткі заты тәркіленіп, екі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Тергелген қылмыстық істер бойынша келтірілген мүліктік залалдың шамамен 1,6 млрд теңгесі, яғни жалпы соманың 90,7%-ы өтелді.
Жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары 3,3%-ға, ал қаза тапқандар саны 11,2%-ға азайды. Жыл басынан бері полицейлер қоғамдық қауіпсіздік саласындағы 55 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Кеңестің маңызды бөлігінің бірі тәлімгерлер мен Тәлімгерлік кеңесінің қатысуы болды. Олардың қызметі жас мамандарға кәсіби тәжірибе беру, қызметтік тәртіпті нығайту және қызметке жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған.
Жиын соңында жеке құрамға Ішкі істер министрінің тапсырмалары жеткізілді. «Заң мен тәртіп» қағидатын жүйелі түрде іске асыру, халықпен тығыз байланыс орнату, полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың сенімін арттыру қажеттігі атап өтілді.
Жетісу облысы тұрғындарының құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету полиция қызметінің басты басымдықтары болып қала береді.









