Жол қауіпсіздігі мәдениеті – бала кезден қалыптасады: Абай облыснда 200-ге жуық мектеп оқушысына қауіпсіздік сабағы түсіндірілді

    Семей қаласындағы №53 мектепте жас ұрпақтың жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған танымдық-профилактикалық сабақ өтті. Балалардың құқықтарын қорғау ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шараға 200-ге жуық оқушы қатысты.

    Кездесу барысында оқушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, жаяу жүргіншілердің міндеттері, бағдаршам белгілеріне бағыну және жолдан өту кезінде мұқият болу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар балаларға жол үстіндегі әрбір әрекеттің қауіпсіздікке тікелей әсер ететіні және жол ережелерін сақтаудың жеке жауапкершілік екені айтылды.

    Іс-шараның ерекшелігі – оқушылардың полиция қызметкерімен ашық диалог құрып, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жол жағдайларын талқылауында.

    — Оқушы: Аға, егер жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам жасыл түсті көрсетсе, жолдан бірден өтуге бола ма?

    — Полиция қызметкері: Жасыл түс жаяу жүргіншілерге өтуге рұқсат береді. Бірақ алдымен жолдың екі жағына қарап, көліктердің тоқтағанына көз жеткізу қажет. Қауіпсіздікке көз жеткізбей, жолға шығуға болмайды.

    — Оқушы: Демек, жол ережелерін білу жеткіліксіз, оларды үнемі орындау керек қой?

    — Полиция қызметкері: Дәл солай! Жол қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Әрбір дұрыс шешім адам өмірін сақтауға ықпал етуі мүмкін.

    Осындай мазмұнды кездесулер балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында тәртіптілік, сақтық және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.

    Жол қауіпсіздігі мәдениеті бала кезден басталады. Ережені білу – алғашқы қадам, ал оны күнделікті өмірде бұлжытпай сақтау – қауіпсіз болашақтың кепілі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары