Абай облысында тіркелген қылмыстар саны 17,5%-ға азайды

    Абай облысы Полиция департаментінде 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындылары шығарылды. Департамент бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияровтың төрағалығымен өткен жиынға аппарат басқармалары мен аумақтық бөлімшелердің басшылары қатысты.

    Жыл басынан бері өңірде 2 417 қылмыс тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2 930 болған. Қылмыс саны 17,5%-ға төмендеп, қылмыстарды ашу көрсеткіші 49,1%-дан 57,6%-ға дейін өсті. Қоғамдық орындарда, соның ішінде көшелерде жасалған қылмыстар саны да азайды.

    Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударады. Жедел жағдайға қарай патрульдеу бағыттары қайта қаралып, кешкі және түнгі уақытта қоғамдық орындарда полиция жасақтарының қызметі күшейтіледі. Профилактикалық есепте тұрған адамдардың белгіленген талаптарды сақтауы тексеріледі.

    Басым бағыттардың бірі — алаяқтыққа қарсы күрес. Күмәнді операцияларды бұғаттау және жәбірленушілердің қаражатын қайтару мақсатында полиция цифрлық құралдарды пайдаланып, банктермен бірлесіп жұмыс жүргізеді.

    Жиын қорытындысында қылмыстарды ашу, атаулы профилактиканы күшейту және азаматтардың өтініштеріне уақтылы ден қою бойынша алдағы міндеттер айқындалды.

    Полиция жұмысының басты мақсаты — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары