Алматыда халықаралық рейстердегі жолаушы орындарының саны 13%-ға өсті

    1 / 2

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыға қатынайтын халықаралық рейстердегі жолаушы орындарының саны 1,6 млн-ға жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері хабарлады.

    Mastercard Tourism Insights халықаралық талдау платформасының мәліметінше, Қытай мен Түркия бағыттарында айтарлықтай өсім байқалған. Қытайдан Алматыға қатынайтын рейстердегі орын саны 75%-ға артып, 295 мыңға жетті. Ал Түркия бағыты бойынша көрсеткіш 11%-ға өсіп, 203 мың орын болды.

    Шетелдік нарықтармен тікелей әуе қатынасының кеңеюі Алматыға келетін туристер санын арттыруға, іскерлік сапарларды дамытуға және халықаралық іс-шараларды өткізуге жол ашады.

    Тікелей рейстердің көбеюі Алматыға келетін әлеуетті қонақтардың географиясын кеңейтіп, шетелдік туристер мен бизнес өкілдері үшін қалаға жетуді жеңілдетеді.

    Халықаралық әуе қатынасын дамыту жұмыстары жылдың екінші жартысында да жалғасып отыр. 2026 жылы 30 қарашадан бастап Алматы мен Токио арасында тікелей рейс ашу жоспарланған. Бұл Жапониямен әуе қатынасын одан әрі дамытуға серпін береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары