Кембридж, 2026 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Ә.Бақаев Кембридж университетінің Макдональд археологиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Еуразиядағы ежелгі өзара байланыстарды зерделеудің жаңа бағыттары» ( New Directions in Understanding Ancient Interactions across Eurasia) атты халықаралық ғылыми конференцияның ашылуында сөз сөйледі.
Іс-шараға Қазақстан, Ұлыбритания және басқа да елдердің жетекші археологтары мен зерттеушілері қатысуда. Конференция бағдарламасы қола және темір дәуірлерінен бастап орта ғасырлар мен көшпелі қоғамдар тарихына дейінгі Еуразияның тарихи дамуына қатысты кең ауқымды мәселелерді қамтиды.
Конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде қазақстандық дипломат Ұлы дала тарихын объективті ғылыми тұрғыдан зерттеудің, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтудің және заманауи пәнаралық зерттеу әдістерін қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан мен Ұлыбританияның ғылыми және музей мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды дамыту перспективаларына, оның ішінде бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, академиялық алмасуларды жүзеге асыруға және жас ғалымдарды даярлауға ерекше назар аударылды.
Конференция аясында Елші Ә.Бақаев Қазақстанның аса маңызды археологиялық ескерткіштерінің бірінің тарихи-мәдени мұрасына арналған «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесінің салтанатты ашылуына да қатысты. Ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы және Ботай мәдениетін халықаралық деңгейде зерттеуге елеулі үлес қосқан Эксетер университетінің археология профессоры Алан Оутрам қатысты.
Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Ботай мәдениетінің Ұлы дала тарихындағы айрықша орнын және адам мен жылқы арасындағы өзара қарым-қатынастың алғашқы түрлерін зерттеудегі маңызын атап өтті. Ол Қазақстанның бай археологиялық мұрасы ұлттық тарихтың ажырамас бөлігі ғана емес, сонымен қатар Еуразияның ортақ тарихи-мәдени мұрасының маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтты.
Кембриджде көрме мен конференцияның өткізілуі Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеу және қазақ-британ ғылыми әрі мәдени ынтымақтастығын нығайту бағытындағы жұмыстың жалғасы болды.
Солтүстік Қазақстан облыстық музейлер бірлестігі ұсынған экспозиция археологияны, заманауи өнерді және этнографияны тоғыстырады. Көрмеге музей қорларындағы археологиялық жәдігерлер мен этнографиялық бұйымдар, сондай-ақ 2019, 2023 және 2025 жылдары өткен халықаралық суретшілер симпозиумдарына қатысушылар жасаған 22 көркемөнер туындысы қойылды.
Біздің заманымызға дейінгі IV–III мыңжылдықтарға жататын Ботай қонысы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген.





