«ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕР» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА СПОРТТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

    1 / 5

    Шымкент қаласында ерекше жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, олардың қабілеттерін шыңдап, өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жағдай жасауға бағытталған «Шексіз мүмкіндіктер» әлеуметтік жобасы аясында спорттық турнир ұйымдастырылды. Қала әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының тапсырмасымен өткен жарысты «Жалын» қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда.

    Сәуір айынан бері жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан жоба ерекше жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына, өз әлеуетін танытуына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына бағытталған. Жоба аясында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға басымдық берілген.

    Қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Ерекше азаматтар күніне орай қолға алынған бүгінгі турнир де осы мақсаттың бір көрінісі. Спорттық додаға Шымкент қаласындағы ерекше жастар қатысып, өзара бақ сынады. Жарыс шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисі сынды үш спорт түрінен өтті.

    Әр спорт түрі қатысушылардан өзіндік дайындық пен шеберлікті талап етеді. Шахмат ойыны логикалық ойлау мен сабырлылықты қажет етсе, тоғызқұмалақ есепке жүйрік болуға, ал үстел теннисі жылдамдық пен ептілікке баулиды. Осылайша, турнир қатысушылардың спорттық шеберлігін ғана емес, олардың табандылығы мен жеңіске деген жігерін де танытуға мүмкіндік берді.

    Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарыстың үш бағытына да 20-дан астам спортшыдан қатысып, жалпы, қатысушылар саны 60-қа жуықтады. Бұл – ерекше жастар арасында спортқа қызығушылықтың жоғары екенін аңғартатын көрсеткіш.

    Шымкент қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Анарбайұлы жобаның маңызына тоқталып, оның жастардың қоғамдағы орнын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

    – Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен «Шексіз мүмкіндіктер» әлеуметтік жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Жоба қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Ерекше азаматтар күніне орай ұйымдастырылды. Бүгінгі спорттық жарысқа ерекше жастар қатысып, өзара бақ сынауда. Жоба аясында бұған дейін де жастарға арналған экскурсиялар мен түрлі спорттық іс-шаралар өткізілді. Ал ертең Жастар ресурстық орталығында шығармашылық шаралар мен көрме ұйымдастырылады. Біздің басты мақсатымыз – ерекше жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, қабілеттерін анықтап, өздерін жан-жақты көрсетуіне мүмкіндік беру, – деді Әкімжан Әбдәкімов.

    Жоба аясындағы шаралар жастардың ортаға бейімделуіне ғана емес, олардың өз күшіне деген сенімін арттыруға да ықпал етеді. Мұндай кездесулер мен жарыстар қатысушылардың бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуына, ортақ қызығушылықтары арқылы жаңа байланыстар орнатуына жол ашады.

    Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Жастар ресурстық орталығында өтеді. Жүлдегерлерге теледидарлар, планшеттер және смартфондар табысталады. Сонымен қатар, қатысушылар шығармашылық шаралар мен көрмеге куә болады.

    «Шексіз мүмкіндіктер» жобасының атауының өзі-ақ әр адамның бойында ашылмаған қабілет пен жүзеге асуға тиіс арман бар екенін аңғартады. Ал, сол мүмкіндіктерді танып, қолдау көрсету – қоғамның ортақ міндеті. Бүгінгі спорттық турнир де ерекше жастардың жігерін жанып, жаңа белестерге ұмтылуына серпін беретін маңызды бастамалардың бірі болды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары