ШЫМКЕНТТЕ ИНКЛЮЗИВТІ СПОРТ ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ

    ШЫМКЕНТТЕ ИНКЛЮЗИВТІ СПОРТ ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ

    Шымкент қаласында «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорт фестивалі өтіп жатыр. «Әділет» партиясының Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырған шараның басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қоғамнан шеттетпей олардың спортқа қызығушылығын арттыру және өз қабілеттерін көрсетуіне жағдай жасау.

    Фестивальге қаланың 30 мектебінен 3-8 сыныптарда білім алатын 150-ге жуық оқушы қатысуда. Олар бочча, «Біз жеңімпаз боламыз!» көңілді старттары және жеңіл атлетика сынды спорт түрлерінен ептілік, шапшаңдық және командалық жұмыс бойынша қабілеттерін көрсетуде.

    Спорттық доданың ашылуына «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Баян Жандосова және «Әйелдер қанаты» жетекшісінің орынбасары Рамиля Искандерова қатысты.

    Фестивальдің маңыздылығына тоқталған Мұрат Жолдыхожаев спорттың балаларды біріктіріп, инклюзивті ортаны қалыптастырудағы рөліне ерекше мән берді.

    – Бала үшін спорт – тек жарыс немесе нәтиже емес. Бұл – өз күшін сынайтын, жаңа достар табатын, қатарластарымен бірге уақыт өткізетін орта. Сондықтан әр баланың спортпен айналысып, өз құрдастарымен бірге жарысқа қатысуына мүмкіндік берген маңызды. Бүгінгі фестивальдің мәні де – осында. Біз балалардың бір ортада еркін араласуына жағдай жасауымыз керек, – деді «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы.

    Спорттық жарыс аясында балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға және бір-бірімен еркін қарым-қатынас орнатуы үшін «Мейірім бұрышы» ұйымдастырылды. Қатысушылар «Мейірім ағашына» өз тілектерін жазып, естелікке суретке түсті.

    Айта кетейік, «Тең мүмкіндіктер» фестивалі «Әділет» партиясының бастамасымен «Әділет» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты, «Шымкент қаласының бочча федерациясы» қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ қаланың балалар құқықтарын қорғау, білім, дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ішкі саясат басқармаларының қолдауымен әр жыл сайын өткізіледі. Өткен жылы шымкенттік оқушылар республикалық байқауда бірінші орын алған болатын.

    Фестиваль соңында жүлделі орындарға ие болған қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Ал жарыста жеңімпаз атанғандар Астана қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары