
Шымкент қаласындағы Көрме орталығында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Ашық есік күні өтті. Іс-шараның басты мақсаты – кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері туралы толық ақпарат беріп, қаржыландыру мүмкіндіктерін тікелей мамандардан білуіне жағдай жасау.
Ашық есік күніне кәсіпкерлермен қатар, екінші деңгейдегі банктердің, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның және кәсіпкерлік инфрақұрылым ұйымдарының өкілдері қатысты. Бұл кәсіпкерлерге бірнеше мекемеге жеке-жеке бармай-ақ, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша бір алаңда кеңес алуға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың негізгі құралдары – несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдік беру, қаржыландыруға қол жеткізу, бизнесті кеңейту және жаңғырту мүмкіндіктері түсіндірілді. Сонымен қатар, бизнес-жобаны қаржыландыруға дайындау, банктердің талаптары және қажетті құжаттарды рәсімдеу мәселелері бойынша кеңестер берілді.
Іс-шараның ерекшелігі – кәсіпкерлердің қаржы институттарының өкілдерімен тікелей байланыс орната алуында. Олар өздерінің нақты жобаларын таныстырып, несие алу мүмкіндігі, қаржыландыру шарттары мен кепілдік құралдарын пайдалану тәртібі жөнінде сұрақтарына жауап алды.
Ашық есік күні, әсіресе, кәсібін енді бастаған азаматтар, жұмыс істеп тұрған кәсіп иелері, өндірісін кеңейтуді немесе жаңғыртуды жоспарлаған кәсіпкерлер үшін маңызды болды. Мамандар әр бизнес-жобаның ерекшелігіне қарай мемлекеттік қолдаудың қандай тетіктерін пайдалануға болатынын түсіндірді.









