
Төтенше жағдай кезінде әр секундтың маңызы зор. Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді жұмысының артында сенімді байланыс пен заманауи технологиялардың үздіксіз жұмысы тұр.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс бөлімі – Департаменттің күнделікті қызметінде де, төтенше жағдайлар кезінде де тұрақты байланысты қамтамасыз ететін маңызды құрылымдардың бірі. Бөлім мамандары байланыс құралдарының үздіксіз жұмысын бақылап, ақпарат алмасудың тұрақтылығын және жедел басқаруды қамтамасыз етеді.
Төтенше жағдай орнына жедел штабты орналастыру қажет болған жағдайда заманауи командалық-штабтық машиналар қолданылады. Олар спутниктік және радиобайланысты, интернетке қосылуды және басқа да қажетті байланыс түрлерін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл оқиға орнындағы күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын үйлестіріп, қалыптасқан жағдайға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Бүгінде Департаменттің байланыс жүйесі заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған. Радиобайланыстың жаңа мүмкіндіктері кезең-кезеңімен енгізіліп, төтенше жағдайлар кезінде ақпаратты жедел әрі үздіксіз жеткізу тәсілдері жетілдірілуде.
Заманауи технологиялар құтқару жұмыстарында да кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттары жағдайды әуеден бақылауға, өрт ошақтарын анықтауға және қауіпті аумақтарға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Тепловизиялық камералармен жабдықталған дрондар құтқарушыларға жағдайды әуеден қосымша бағалауға мүмкіндік береді. Ал дыбыстық құрылғылармен жабдықталған аппараттар қажетті ақпаратты халыққа жедел жеткізу үшін пайдаланылады.
Бұл бағыттағы мамандардың еңбегі көп жағдайда сырт көзге байқала бермейді. Алайда оқиға орнында құтқарушылар арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ету, қажетті ақпаратты дер кезінде жеткізу және жедел басқарудың үздіксіз жұмыс істеуі – осы мамандардың еңбегіне тікелей байланысты.
Құтқарушылар күніне орай «Оңтүстік» телеарнасы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс бөлімінің қызметіне арналған арнайы түсірілім ұйымдастырды. Түсірілімге осы саланың ардагері А. Расулов арнайы қонақ ретінде шақырылды. Түсірілім барысында бөлім мамандары өздерінің күнделікті жұмысын, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған байланыс жүйесінің мүмкіндіктерін және оның төтенше жағдайларға ден қою кезіндегі маңызын таныстырды. Ал А. Расулов қазіргі таңда мамандар пайдаланып жүрген заманауи байланыс құралдары мен жаңа технологиялық мүмкіндіктермен танысып, еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті және байланыс жүйесінің даму кезеңдері туралы әңгімеледі. Бұл кездесу саладағы кәсіби дәстүр мен заманауи технологияларды сабақтастырған тағылымды сәтке айналды.
Құтқару қызметінде батылдық пен кәсібилікпен қатар, сенімді байланыс та маңызды рөл атқарады. Себебі дер кезінде жеткен ақпарат – жедел шешім қабылдаудың негізі, ал дұрыс шешім – адам өмірін сақтауға бастайтын маңызды қадам.









