Құтшарушылар күні: қауіптің алдын алатын қызмет

    Құтшарушылар күні: қауіптің алдын алатын қызмет

    Өндіріс – ел экономикасының маңызды тірегі. Ал өндірістің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуі – жоғары жауапкершілікті талап ететін міндет. Осы бағытта Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы маңызды қызмет атқарады.

    Басқарманың негізгі міндеті – қауіпті өндірістік объектілердегі апаттардың алдын алу, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру.

    Мамандар қала аумағындағы қауіпті өндірістік объектілер мен қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын кәсіпорындарға бақылау жүргізеді. Олар техникалық құрылғылардың жай-күйін, қауіпсіз пайдаланылуын, өндірістік бақылаудың ұйымдастырылуын және қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексереді.

    Бақылаудың басты мақсаты – бұзушылықты анықтап, шара қолдану ғана емес, қауіпті жағдайларды алдын ала байқап, апатқа жол бермеу. Қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда оларды жою жөнінде нұсқамалар беріліп, заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады. Өрескел бұзушылықтар анықталған кезде нысанның қызметін тоқтату жөнінде жедел ықпал ету шаралары қабылданады.

    Өнеркәсіптік қауіпсіздік – күнделікті әрі жүйелі жұмысты қажет ететін бағыт. Басқарма мамандары оқу дабылдары мен апатқа қарсы жаттығуларға, қауіпті техникалық құрылғыларды іске қосу кезіндегі техникалық куәландыруға қатысады.

    Басқарма қызметінің маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет көрсету. Оның ішінде қауіпті өндірістік объектілердің жобалық құжаттамасын келісу, қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою және есептен шығару, сондай-ақ тиісті мамандардан емтихан қабылдау жұмыстары жүргізіледі.

    Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының күнделікті қызметі «112 Шымкент» бағдарламасының арнайы түсірілімінде көрсетілді. Түсірілім барысында мамандардың түрлі өнеркәсіптік нысандардағы қызметі, бақылау-қадағалау жұмыстары және қауіптің алдын алуға бағытталған нақты іс-шаралары таныстырылды.

    Өнеркәсіптік қауіпсіздік – қауіптің салдарын жою емес, оны алдын ала болдырмау. Басқарма мамандарының жұмысының басты мәні де осында.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары