
Oskemen Hub базасында IDEA BATTLE: NEXT GENERATION байқауы өтті. Іс-шара технологиялық идеялармен жұмыс істеп, нақты міндеттерге арналған шешімдерді қазірдің өзінде іздеп жүрген жастардың басын қосты.
Іс-шара Шығыс Қазақстандағы технологиялық және инновациялық ортаны дамыту бағытындағы жұмыстардың бір бөлігіне айналды.
IDEA BATTLE аясында қатысушылар идеяны таныстырудың дәстүрлі форматынан шығып, өз жобаларының қандай мәселені шешетінін, ұсынылған шешімнің қалай жұмыс істейтінін және оны іс жүзінде қай салаларда қолдануға болатынын көрсетуі керек болды.
Байқауда медицина, ерте диагностика және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобалар таныстырылды.
Бірінші орынды Zero Muscles командасы RehabBridge жобасымен иеленді. Бұл — инсульттен кейін оңалтудан өтіп жатқан адамдарға арналған цифрлық шешім. Жобаның тұжырымдамасы аурухана мен үй арасындағы цифрлық көпір құруды көздейді. Бұл пациенттерге ауруханадан шыққаннан кейін де оңалту процесін жалғастыруға мүмкіндік береді.
Екінші орынды PreDemention командасы алды. Қатысушылар адамның жүрісін талдау арқылы деменцияның ықтимал ерте белгілерін анықтауға мүмкіндік беретін шешім әзірледі. Жобаның негізгі идеясы «Ерте қозғалыс — ерте диагноз — ерте мүмкіндік» формуласы арқылы берілді.
Үшінші орынды Rogue One командасы Soilink жобасымен иеленді. Бұл — аграрлық сала мамандарына арналған топырақ жағдайын бақылау жүйесі. Шешім топырақтың күйін бақылауға және егістікті суару мен өңдеу қажеттілігін алдын ала болжауға мүмкіндік беретін ақылды датчиктер желісін пайдалануды көздейді.
Байқау қорытындысы бойынша үш команда арасында 450 000 теңге көлеміндегі жалпы жүлде қоры бөлінді.
Oskemen Hub қызметінің негізгі бағыттарының бірі — өңір жастарына жаңа мүмкіндіктер жасау. Яғни, алғашқы білім беру іс-шаралары мен жобалық жұмыстан бастап, өз әзірлемелерін таныстыруға, команда құруға және жобаларды одан әрі дамытуға дейін қолдау көрсету.
IDEA BATTLE: NEXT GENERATION іс-шарасын Oskemen Hub Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.









