Қазақстанда цифрлық трансформация стратегиясы аясында 50-ден астам ЖИ-агент енгізіледі

    ·
    Қазақстанда цифрлық трансформация стратегиясы аясында 50-ден астам ЖИ-агент енгізіледі

    Қазақстан экономиканың негізгі салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформация үдерісін жеделдетуде.

    Еліміз AI-First архитектурасына кезең-кезеңімен көшіп, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесі мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды құралдарының біріне айналдыруда. Қазіргі уақытта өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да бағыттарды қамтитын 72 сала бойынша 20 цифрлық трансформация картасы бекітілген. Бұл бюрократиялық рәсімдерді оңтайландыруға және кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

    Бүгінде қоғам игілігіне бағытталған 50-ден астам ЖИ-агент әзірленуде. Денсаулық сақтау саласында инсультті ерте диагностикалауға арналған Cerebra AI жүйесі енгізілген өңірлерде өлім-жітім көрсеткішін 40%-ға төмендетуге ықпал етті. Сонымен қатар ЖИ-терапевт ондаған медициналық ұйымдарда дәрігерлердің жұмысын қолдауға көмектесуде.

    Кәсіпкерлікті қолдау бағытында да жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. Бизнесті іске қосуға арналған ЖИ-көмекші бәсекелестік ортаны талдап, бастапқы кезеңдегі операциялық шығындарды екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар тәулік бойы қолжетімді салықтық ЖИ-ассистент жұмыс істейді. «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп қаржыландыруға өтінімдерді сүйемелдеуге арналған мамандандырылған цифрлық көмекші де әзірленген.

    Алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын ақпараттық қауіпсіздік саласында кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Атап айтқанда, абонент қоңырауға жауап бермей тұрып алаяқтық қоңырауларды анықтап, бұғаттайтын антифрод жүйелерін енгізу көзделуде.

    Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілерді оқытуда Vibe Coding тәжірибесі енгізілуде. Бұл тәсіл қызметкерлерге күнделікті қайталанатын процестерді автоматтандыруға арналған ЖИ-агенттерді өз бетінше әзірлеуге мүмкіндік береді.

    Аталған бастамалар проактивті сервистік мемлекет моделіне көшуге бағытталған ұлттық цифрлық трансформация стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Жасанды интеллект пен заманауи цифрлық шешімдерді жүйелі енгізу экономиканың тұрақты дамуына, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары