Шығыс Қазақстан цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басуда

    Шығыс Қазақстан цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басуда

    Өңірдің цифрлық жетілу деңгейі 80 балға жетіп, Smart Region бастамаларының 16 бағытының 14-і жүзеге асырылды

    2026 жылғы 9 маусымда еліміздің цифрлық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Стратегияның негізгі мақсаты – цифрлық технологиялар, сапалы деректер және жасанды интеллект арқылы мемлекеттік басқаруды, экономиканы және әлеуметтік саланы кешенді трансформациялау.

    Бұл бағыт Шығыс Қазақстан облысында да нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде өңірдің цифрлық жетілу деңгейі 100 балдың 80-ін құрап, республика бойынша бесінші орынға ие. Ал Smart Region аясындағы 16 міндетті бастаманың 14-і іске асырылған. Өңірді басқару, экология және қауіпсіздік бағыттары толық орындалған.

    Бірыңғай деректер жүйесі қалыптасуда

    Өңірдің цифрлық трансформациясындағы негізгі бағыттардың бірі – деректерді басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру.

    Өңірлік Data Lake («Деректер көлі») жүйесін дамыту аясында 108 негізгі ведомстволық тізілім мен тұрақты есептіліктің 238 нысаны өзектендірілуде. Өңірлік талдау орталығында мемлекеттік органдардың, цифрлық жүйелердің, датчиктер мен аппараттық-бағдарламалық кешендердің деректері біріктіріледі.

    Бұл шешімдер ақпаратты жай ғана жинақтаудан басқарушылық шешімдерді қолдайтын заманауи аналитикалық жүйеге көшуге мүмкіндік береді.

    Қауіпсіздік – цифрлық технологиялардың басты бағыттарының бірі

    Шығыс Қазақстанда қоғамдық және инфрақұрылымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық «Cerebro O.P.E.R 2.0» платформасындағы бейнеталдау технологиялары енгізілді.

    Болашақ Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне арналған үш деректерді өңдеу орталығы Өскемен, Риддер және Алтай қалаларында жұмыс істейді. Оларда тиісінше 6 215, 261 және 221 камера қамтылған. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтарын тіркейтін 243 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді.

    Өңірде оқиғаларға автоматты түрде ден қоюға мүмкіндік беретін 1 050 бейнеталдау функциясы іске қосылған. Олардың қатарында бет-әлпетті тану, адамдардың топталуын анықтау, көліктерді мемлекеттік нөмірі, маркасы мен моделі бойынша сәйкестендіру, қаруды және қараусыз қалған заттарды анықтау мүмкіндіктері бар.

    Су тасқыны мен төтенше жағдайлардың алдын алуда цифрлық бақылау күшейтіледі

    Цифрлық технологиялар табиғи және техногендік тәуекелдердің алдын алуға да мүмкіндік беріп отыр.

    «Ситуациялық орталық» жүйесі су тасқыны қаупі бар 49 аймақты бақылауда ұстайды. Жүйе арқылы қауіп деңгейі, мұз жағдайы, фотоматериалдар және гидрологиялық бақылау деректері қадағаланады.

    Келесі кезеңде стратегиялық маңызы бар 26 гидробекетке су деңгейі мен ағысының жылдамдығын өлшейтін автономды IoT-датчиктер орнату жоспарланған. Бұл су тасқыны қаупін дәлірек болжауға және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

    Интернетпен қамту: облыс халқының 98,6 пайызы цифрлық байланысқа қол жеткізді

    Өңірде телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілуде.

    Қазіргі уақытта облыстағы 349 елді мекеннің 290-ы байланыс және Интернет қызметтерімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 6 қала және 284 ауыл бар. Нәтижесінде заманауи байланыс қызметтерімен қамту деңгейі 98,6 пайызға немесе 711 мың адамға жетті.

    Сонымен қатар халқы аз және қатынауы қиын 59 елді мекенді Интернетпен қамтамасыз ету бойынша жеке техникалық шешімдер қарастырылуда. Әр елді мекеннің географиялық, климаттық және инфрақұрылымдық ерекшеліктері ескеріліп, ең тиімді қосылу тәсілі анықталатын болады.

    IT мамандарын даярлауға жаңа мүмкіндік

    Цифрлық экономиканың дамуы білікті мамандарды даярлаумен тікелей байланысты. Осы бағытта өңірде стартаптар мен IT-командаларды қолдауға арналған жобалар жүзеге асырылуда.

    Oskemen Hub алаңында цифрлық сауаттылық, бағдарламалау және жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары мен воркшоптар өткізіледі.

    Сонымен қатар Өскеменде Tomorrow School – 18 жастан асқан ересектерге арналған жасанды интеллект және бағдарламалау мектебі ашылды. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мектепте оқу тегін.

    Бағдарлама 50-ден астам практикалық жобаны, Go, JavaScript, Rust және Python бағдарламалау тілдерін, сондай-ақ жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және блокчейн бағыттарын қамтиды.

    Келесі кезең – AI-Native Cities & Regions

    Өңірдің цифрлық дамуындағы келесі қадам – Smart City және Smart Region тәсілдерінің эволюциясы саналатын «AI-Native Cities & Regions» моделіне көшу.

    Бұл модельде жасанды интеллект қала мен өңірді басқару процестеріне бастапқы кезеңнен енгізіліп, деректер нақты уақытқа жақын режимде талданады. Нәтижесінде тәуекелдерді алдын ала анықтау, инфрақұрылымға түсетін жүктемені болжау, тиімді шешім сценарийлерін ұсыну және тұрғындарға проактивті цифрлық қызметтер көрсету мүмкіндігі артады.

    Бұл ретте негізгі шешімдер адамның бақылауында сақталып, ақпараттық қауіпсіздік, ашықтық және дербес деректерді қорғау талаптары ескеріледі.

    Шығыс Қазақстандағы цифрлық трансформацияның басты мақсаты – технологияны технология үшін енгізу емес, тұрғындардың өмірін қауіпсіз, ыңғайлы және қолайлы ету.

    Digital Qazaqstan аясындағы жобалардың тиімділігі ақпараттық жүйелердің санымен ғана емес, олардың нақты нәтижесімен өлшенеді: тұрғындардың мәселелері қаншалықты жылдам шешіледі, инфрақұрылым қаншалықты сенімді жұмыс істейді және заманауи цифрлық мүмкіндіктер әр азаматқа қаншалықты қолжетімді болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы" жаңалықтары