Бүгін ауданымызда қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында World Cleanup Day (Дүниежүзілік тазалық күні) халықаралық экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Сенбілікке мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдары, ауылдық округтердің белсенді тұрғындары мен жастар қатысып, елді мекендердің аумақтарын тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында көшелердің, қоғамдық орындардың, саябақтар мен аулалардың аумақтары тазартылып, жиналған қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы техникалардың көмегімен шығарылды. Сонымен қатар, елді мекендердің көркін арттырып, қоршаған ортаны көгалдандыру мақсатында ағаш көшеттері отырғызылды.
Сенбілік қорытындысы бойынша:
🔹 1373 адам қатысты;
🔹 54,7 тонна қоқыс жиналып, шығарылды;
🔹 15 бірлік арнайы техника жұмылдырылды;
🔹 64 түп ағаш отырғызылды.
«Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды бастама ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, тазалық пен тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыруға ықпал ететін маңызды жоба.
Тазалық – баршаға ортақ жауапкершілік. Әрбір азаматтың табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және туған жерін көркейтуге қосқан үлесі ауданымыздың дамуы мен тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Туған жердің тазалығы – баршамызға ортақ міндет!








