
АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ
Ұстаздар күні қарсаңында Сырым ауданының білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен аудан әкімі Жұмагелді Жолдыбайұлы Батырниязовтың ауданымыздың ардагер ұстаздарымен арнайы кездесуі өтті.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен тағылымды кездесуге Сырым аудандық мәслихатының төрайымы Шынар Сайлауқызы Дүйсенгалиева, аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрайымы Гүлбақша Қалиахметқызы Ергалиева, білім беру ұйымдарының басшылары, ардагер ұстаздар және шақырылған қонақтар қатысты.
Тағылымды жүздесуді Сырым ауданының білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Әлібекұлы Жамбылов жүргізіп, ардагер ұстаздарды мерекемен құттықтап, кездесудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесудің басты мақсаты – саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнап, талай буын шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаздарға құрмет көрсету, олардың еңбегін елеп-ескеру және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу.
Ардагер ұстаздар – ауданның білім саласының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, өзінен кейінгі буынға кәсіби жол көрсеткен қадірлі жандар. Олардың әрқайсысының ұстаздық жолы – кейінгі ұрпақ үшін өнеге, ал шәкірттерінің жетістігі – маңдай тер мен еселі еңбектің жемісі.
Кездесу барысында аудан әкімі Жұмагелді Жолдыбайұлы Батырниязов ардагер педагогтерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғамдағы айрықша орнына тоқталды. Ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп, ел болашағына қызмет еткен ардагер ұстаздарға зор алғысын білдіріп, олардың өнегелі жолы бүгінгі жас педагогтер үшін үлкен мектеп екенін атап өтті.
Өз кезегінде ардагер ұстаздар да жүрекжарды тілектерін білдіріп, білім саласындағы өзгерістер, ұстаз мәртебесі, ұрпақ тәрбиесі және кәсіби сабақтастық, өткенді бағалау, бүгінгі жетістікті саралау ізгі ойлар ортаға салынды. Ардагер ұстаздардың ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі – білім саласы үшін қашанда құнды қазына.
Кездесу барысында Ұстаздар күні қарсаңында мерейлі 60 жасқа толған ұстаздарға аудан әкімі атынан құттықтау хаттар табысталып, гүл шоқтары ұсынылды.
Қадірлі ардагер ұстаздар!🌷
Сіздердің саналы ғұмырларыңыз – ұрпақ тәрбиесіне арналған ұлы еңбек, ал есімдеріңіз – шәкірт жүрегінде сақталған өшпес із. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілейміз. Әрдайым елдің құрметіне бөленіп, шәкірттеріңіздің жетістігіне қуанып, кейінгі буынға ақыл-кеңес беріп , аман-есен жүре беріңіздер!
Мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты ардагер ұстаздар!💐





