
Биыл Ақмола облысында кенелердің белсенділік маусымы әдеттегіден ерте басталды. Көктемнің ерте келуі және жылы ауа райының тез орнауы кенелердің ерте белсенділенуіне қолайлы жағдай қалыптастырды.
Эпидемиологиялық жағдай және профилактикалық шаралар туралы брифингте Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин айтып берді.
37-аптадағы жағдай бойынша өңірде кене шағудың 912 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 831 жағдайдан жоғары. Зардап шеккендердің 245-і - 14 жасқа дейінгі балалар, бұл 26,5%-ды құрайды. Олардың барлығы медициналық көмекке уақтылы жүгінген.
Кене шағудың ең көп жағдайы Бурабай ауданында 253, Көкшетау қаласында 250, Сандықтау ауданында 169 және Зеренді ауданында 86 жағдай тіркелген.
Маусым басталғалы бері облыста кене энцефалитінің 6 жағдайы зертханалық жолмен расталды: Бурабай және Сандықтау аудандарында 2 жағдайдан, Көкшетау қаласында 2 жағдай. Сонымен қатар, Сандықтау және Бурабай аудандарында кене боррелиозының 2 жағдайы анықталды.
2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кене инфекциялары жағдайларының саны 1,5 есеге артқан. Өткен жылы кене энцефалитінің 4 және боррелиоздың 2 жағдайы тіркелген.
Өңірде кене энцефалитіне қарсы вакцинация жалғасуда. Қазіргі таңда 303 адам вакцина алған, вакцина қоры жеткілікті. Вакцинация, ең алдымен, кәсіби қызметіне байланысты кене инфекцияларының табиғи ошақтарында тұрақты болатын адамдарға, орман шаруашылығы қызметкерлеріне, орманшыларға, малшыларға, механизаторларға және басқа да мамандарға ұсынылады.
Ғалымбек Алин кене шаққан жағдайда мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну қажеттігін еске салды. Иммуноглобулинмен шұғыл профилактика алғашқы 72 сағат ішінде жүргізіледі. Алынған кене тегін зертханалық зерттеуге жіберіледі.
Кене шағу қаупін азайту үшін орманға, далаға және басқа да табиғи аумақтарға барған кезде жабық киім киіп, репелленттер қолдану ұсынылады. Серуеннен кейін денені, киімді, балаларды мұқият тексеріп, үй жануарларын да қарау қажет.
Медициналық көмекке уақтылы жүгіну қажетті профилактикалық шараларды жүргізуге және кене инфекцияларының даму қаупін азайтуға мүмкіндік береді.







