«ҰСТАЗЫМ – ҰЛАҒАТЫМ, МАҚТАНЫШЫМ»: АУДАНДА ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

    «ҰСТАЗЫМ – ҰЛАҒАТЫМ, МАҚТАНЫШЫМ»: АУДАНДА ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

    Бүгін ауданымызда Сырым ауданының білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Ұстаздар күніне орай ұстаз еңбегін ұлықтап, педагог мәртебесін асқақтатуға арналған «Ұстазым – ұлағатым, мақтанышым» атты мерекелік шара өтті.

    Аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада білім беру саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, ұстаздар, оқушылар және арнайы шақырылған қонақтар бас қосты.

    Мерекелік кеш ұстаз мәртебесін асқақтатып, педагог еңбегін дәріптейтін мазмұнды концерттік бағдарламамен өрнектелді.

    Шара барысында ұстаздық мамандықтың жауапкершілігі мен қадір-қасиеті, ұстаздың шәкірт өміріндегі орны, білім мен тәрбиенің ел болашағындағы маңызы кеңінен айтылды.

    Мерекелік концертте аудан әкімі Жұмагелді Жолдыбайұлы Батырниязов ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, білім саласында еңбек етіп жүрген барша педагогтерге ізгі тілегін білдірді.

    📜Салтанатты шара барысында ұстаздар мен білім саласының қызметкерлеріне бірқатар марапаттар табысталды.

    Атап айтқанда:

    Сырым ауданы әкімінің «Алғыс хаты» 12 педагогке;

    Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасының «Құрмет грамотасы» 13 педагогке;

    Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасының «Алғыс хаты» 6 педагогке;

    Батыс Қазақстан облысы әдістемелік орталығының «Алғыс хаты» 8 педагогке;

    Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Батыс Қазақстан облыстық ұйымының «Құрмет грамотасы» 5 педагогке;

    Сырым ауданының білім беру бөлімінің «Құрмет грамотасы» 11 педагогке табысталды.

    🌾Сондай-ақ ауданның білім беру ұйымдары арасында жүзеге асырылған «Бір мектеп – бір бақ» жобасына белсенді қатысып, мектеп аумағын көгалдандыруға, абаттандыруға және оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосқан білім беру ұйымдары арнайы номинациялармен марапатталды.

    Мерекелік шараның маңызды сәттерінің бірі – «Сырым білім тарихы» жинағының тұсаукесері болды. Аталған жинақ – ауданымыздағы білім саласының қалыптасуы мен дамуын, білім беру ұйымдарының тарихын, ұстаздар еңбегін және ұрпақтар сабақтастығын қамтитын құнды еңбек.

    📖Жинақтың ерекшелігі – оның электронды платформа негізінде жасалуында. Бұл формат алдағы уақытта тарихи деректерді толықтыруға, жаңа мәліметтер енгізуге және ауданның білім тарихын жүйелі түрде жаңартып отыруға мүмкіндік береді.

    Тұсаукесер рәсімі аудан әкімі Жұмагелді Жолдыбайұлы Батырниязов пен ардагер ұстаз Гүлбақша Қалиахметқызы Ергалиеваның қатысуымен кесілді.

    Мерекелік концерт барысында ауданның қосымша білім беру ұйымдарының ұстаздары мен жас өнерпаздары, аудан педагогтері өнер көрсетіп, ұстаздарға арналған әндер орындап, түрлі би және музыкалық композициялар ұсынды. Концерттік бағдарламада ұстаз еңбегін дәріптейтін әндер мен сахналық қойылымдар көрермен көңілінен шықты.

    Мерекелік кештің қорытындысында ұстаздарға арналған «Ұстазға алғыс» әні орындалып, барша педагогтерге ақжолтай тілектер айтылды.🌷

    Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның жүрегіне ізгілік ұялатып, өмірлік бағыт-бағдар беретін тұлға. Бір шәкірттің жетістігінің артында ұстаздың маңдай тері, төккен еңбегі мен жүрек жылуы тұрады.

    Мерекелік шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, мазмұнды концерттік бағдарламаны әзірлеген Сырым аудандық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұжымына және аудан ұстаздарына алғыс білдіреміз.

    Сырым ауданында өткен бұл мерекелік шара – ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіп, бүгінгі педагогтердің еңбегін бағалап, жас ұрпаққа ұстаздық мамандықтың қадірін дәріптеген тағылымды кездесу болды.

    Құрметті ұстаздар! Мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздердің шәкірттерге берген білімдеріңіз бен өнегелеріңіз – елдің ертеңіне қосылған өлшеусіз үлес. Ұстаздық жолдағы еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігі сіздерге әрдайым мақтаныш сыйласын!💐

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "«Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Сырым ауданының білім беру бөлімі» ММ" жаңалықтары