Трансмайларды шамадан тыс пайдаланудың зияны

    Трансмайларды шамадан тыс пайдаланудың зияны
    Трансмайлар – денсаулыққа кері әсер ететін майлардың бірі. Олар тағам өнімдерінің дәмін, құрылымын және сақтау мерзімін жақсарту мақсатында өнеркәсіпте қолданылуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы трансмайларды дұрыс тамақтанудың құрамына жатқызбайды және оларды мүмкіндігінше тұтынбауға шақырады.
    Трансмайлар дегеніміз не?
    Трансмайлар немесе трансмай қышқылдары – қанықпаған май қышқылдарының бір түрі. Олар табиғи және өнеркәсіптік жолмен пайда болатын түрлерге бөлінеді.
    Өнеркәсіптік трансмайлар көбіне өсімдік майларын ішінара гидрогенизациялау кезінде түзіледі. Олар кейбір маргариндерде, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерінде, печенье, вафли, крекер, пирогтарда, сондай-ақ қуырылған және фастфуд өнімдерінде кездесуі мүмкін.
    Табиғи трансмайлар сиыр, қой, ешкі сияқты күйіс қайыратын жануарлардың еті мен сүт өнімдерінде аз мөлшерде кездеседі.
    Неліктен трансмайлар қауіпті?
    Трансмайларды шамадан тыс тұтыну қандағы «жаман» LDL холестеринінің деңгейін арттырып, «жақсы» HDL холестеринінің деңгейін төмендетуі мүмкін. Бұл қан тамырларының зақымдануына және жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупінің жоғарылауына ықпал етеді.
    ДДСҰ мәліметтері бойынша, трансмайларды жоғары мөлшерде тұтыну жүректің ишемиялық ауруының және одан болатын өлім-жітімнің қаупін арттырады. Өнеркәсіптік трансмайларды тағам құрамынан алып тастау жүрек-қантамыр ауруларының алдын алудың тиімді шараларының бірі болып саналады.
    Трансмайлар қандай өнімдерде кездесуі мүмкін?
    Трансмайлардың мөлшері жоғары болуы мүмкін өнімдерге мыналар жатады:
     кейбір маргариндер мен қатты майлар;
     фастфуд және қатты қыздырылған майда қуырылған тағамдар;
     өнеркәсіптік өндірістегі печенье, вафли, крекер;
     кейбір торттар, пирожныйлар және басқа кондитерлік өнімдер;
     қамырдан жасалған дайын және жартылай дайын өнімдер;
     құрамында ішінара гидрогенизацияланған майлар бар өнімдер.
    Өнімнің нақты құрамын анықтау үшін оның таңбалануын мұқият оқу маңызды. Құрамында «ішінара гидрогенизацияланған май» немесе соған ұқсас көрсетілген компоненттер болса, мұндай өнімдерді тұтынуды шектеген жөн.
    Трансмайды қалай азайтуға болады?
    Денсаулықты сақтау үшін:
     майлы және қатты өңделген тағамдарды тұтынуды шектеңіз;
     фастфуд пен жиі қуырылған тағамдарды азайтыңыз;
     печенье, вафли, кондитерлік өнімдерді шамадан тыс тұтынбаңыз;
     тағам сатып алғанда өнімнің құрамын және тағамдық құндылығын оқыңыз;
     қанықпаған майларға бай өсімдік майларын таңдаңыз;
     тағамды дайындауда қуырудың орнына бұқтыру, қайнату немесе буға пісіру тәсілдерін жиірек пайдаланыңыз;
     көкөністер, жемістер, бұршақ тұқымдастар, тұтас дәнді дақылдар мен жаңғақтарды күнделікті рационға енгізіңіз.
    Қанша мөлшерде тұтынуға болады?
    ДДСҰ ересектер үшін трансмайларды тәуліктік жалпы энергия тұтынудың 1%-ынан аз мөлшерде тұтынуды ұсынады. Бұл тәулігіне 2000 килокалория тұтынатын адам үшін 2,2 грамнан аз трансмайға сәйкес келеді. Сонымен қатар, өнеркәсіптік жолмен өндірілген трансмайларды мүмкіндігінше толықтай рационнан алып тастау ұсынылады.
    Есте сақтаңыз: трансмайдың денсаулыққа белгілі бір пайдалы әсері анықталмаған. Сондықтан күнделікті тамақтануда трансмайы аз немесе трансмайсыз өнімдерді таңдау – жүрек-қантамыр жүйесінің денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды қадам.
    Дұрыс тамақтану – аурудың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Өз денсаулығыңызға бүгіннен бастап көңіл бөліңіз!
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Батыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары