
Астанада полицейлер есірткінің ірі партиясын елордаға алып кіруге жасалған әрекеттің жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын таратты деген күдікке ілінген 20 жастағы ер адам мен 18 жастағы қыз анықталды.
Елордаға кіреберістегі бекеттердің бірінде полиция қызметкерлері күдіктілер отырған «KIA» маркалы автокөлікті тоқтатқан.
Көліктің салонын тінту барысында ішінде екі вакуумдалған пакет болған қорап табылды. Пакеттердің ішінде ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың мефедрон екені анықталды. Оның жалпы салмағы 2 келіні құрады.
Сонымен қатар, олар тұрған пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері тағы да 1 келіге жуық осындай затты, сондай-ақ оны өлшеп, орауға арналған заттарды тапты.
Жалпы салмағы 3 келіден асатын барлық заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Астана полициясы есірткіні жеткізу және тарату арналарының жолын анықтау әрі кесу бойынша жұмысты жалғастыруда.







