
Салтанатты жиын әсерлі музыкалық композициялармен басталып, оқушылар ұстаздарға гүл шоқтарын табыстады. Ұстаздардың күнделікті еңбегі мен шәкірттерінің жетістіктерін бейнелейтін бейнероликтер мерекелік шараның мазмұнын аша түсті.
Аудан әкімі Мұқанов Бақытжан Мылтықбайұлы ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім саласының дамуына, педагогтердің кәсіби өсуіне және жас ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған өлшеусіз еңбектеріне алғысын білдірді.
Мерекелік жиын барысында бірқатар білім саласының қызметкерлері Қарағанды облысы білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына, сондай-ақ Нұра ауданы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.
Ерекше құрмет ауданымыздың ардагер ұстаздарына көрсетілді. Ұстаздық жолын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагерлерге ізет білдіріліп, олардың көп жылғы еңбегі мен кәсіби тәжірибесі білім саласының алтын қоры ретінде атап өтілді.
Мерекенің ерекше бөлігінің бірі – ауданның үздік педагогтерін арнайы номинациялармен марапаттау рәсімі болды. Ұстаздарға «Цифрлық әлемнің үздігі», «Әдістемелік қолдаудың үздігі», «Шәкірт жүрегіндегі ұстаз», «Ұжымның ұйытқысы», «Жеңіске жетелеген ұстаз», «Дарынға жол ашқан ұстаз», «Ізгілік пен өнегенің үлгісі», «Шәкірт жетістігінің шебері», «Жалынды патриот ұстаз», «Жаңашыл педагог», «Мейірім мен жылулық иесі» сынды номинациялар табысталды.
Ұстазға деген құрмет әнмен өріліп, мерекелік кеш аудандық музыка мектебі өнерпаздарының орындауындағы «Ұстазым» әнімен жалғасты.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, ұстаздарға арналған әндер шырқалды.
Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек!
Әр шәкірт жетістігінің артында – ұстаздың маңдай тері, жүрек жылуы мен өлшеусіз еңбегі бар.
Қадірлі ұстаздар! Еңбектеріңіз жемісті, абыройларыңыз асқақ болсын!
#ҰстаздарКүні
#ҰстазҰлтБолашағы
#НұраАуданы
#ҰстазғаҚұрмет
#БілімБеругеҚұрмет
#ҰстазЕңбегі








