Алматы облысында ұстаздар күніне орай білім саласының үздіктері марапатталды

    Алматы облысында ұстаздар күніне орай білім саласының үздіктері марапатталды

    6 қазан күні Қонаев қаласының Мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын өтіп, білім беру саласының үздік қызметкерлері марапатталды.

    Мерекелік шара барысында педагогтердің кәсіби жетістіктері аталып, білім беру саласында жоғары нәтиже көрсеткен мамандарға құрмет көрсетілді.

    Бүгінде Алматы облысында 34 767 педагог еңбек етеді. Оның 33 306-сы мемлекеттік, 1 461-і жекеменшік білім беру ұйымдарында қызмет атқарады. Биыл 7 292 педагогтің біліктілігін арттыру жоспарланып отыр.

    Өңір педагогтерінің республикалық деңгейдегі жетістіктері де жоғары. 13 педагог «Үздік педагог» атағына ие болды. Ал жыл басынан бері облыстың 19 педагогі аталған байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.

    Биыл республикалық педагогикалық хакатонға Алматы облысынан 6 жас маман қатысып, оның үшеуі жүлделі орын иеленді. Сонымен қатар «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» VIII республикалық байқауында Іле ауданының мұғалімі Табыс Шырақ I орын алды.

    Салтанатты жиында Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, педагог еңбегінің қоғамдағы маңызына тоқталды.

    «Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, олардың бойына адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіретін қадірлі мамандық иесі. Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкіртінің жетістігі, елдің ертеңі мен қоғамның кемел келешегі», – деді Қайрат Жұманов.

    Мерекелік жиын барысында білім беру саласының мамандарына «Еңбек ардагері» медалі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, сондай-ақ облыс әкімінің және білім басқармасы басшысының Құрмет грамоталары табысталды.

    Сонымен қатар «Үздік балабақша – 2026», «Үздік ауыл мектебі – 2026», «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы – 2026», «Үздік сынып жетекші – 2026» және «Жылдың үздік мұғалімі – 2026» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды.

    2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша халықаралық және республикалық деңгейдегі шығармашылық-зерттеу жұмыстары, олимпиадалар мен байқауларда жоғары нәтиже көрсеткен аудандық және қалалық білім бөлімдері де жалпы командалық есепте жүлделі орындарға ие болды.

    Ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын білім саласында еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетіп, олардың кәсіби жетістіктерін дәріптеуге арналды. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы облысының Білім басқармасы" жаңалықтары