
Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың әйелдер колониясында әйел қызметкерлер ер азаматтармен қатар күн сайын жауапты қызметтік міндеттерді атқарып, жоғары кәсібилік деңгейін, төзімділік пен таңдаған мамандығына адалдығын көрсетіп келеді.
ҚАЖ жүйесіндегі қызмет терең білімді, жауапкершілікті, психологиялық тұрақтылықты және күрделі жағдайларда шешім қабылдай білуді талап етеді. Бүгінде әйелдер дәстүрлі түрде ерлерге тән деп саналатын бөлімшелерде де табысты қызмет атқаруда.
Мекеменің жедел бөлімінде төрт әйел қызметкер қызмет етеді. Олар жедел бағыттағы міндеттерді орындап, профилактикалық жұмыстарға қатысады және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ режим бөлімінде төрт әйел қызметкер жұмыс істеп, белгіленген тәртіп пен режим талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
Кәсіби шеберліктің жарқын үлгілерінің бірі – режим бөлімінің бастығы Балнұр Ахметханова. Ол ҚАЖ жүйесінде 2012 жылдың сәуір айынан бері қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтап, өзін білікті басшы ретінде таныта білді.
– Әйелдер колониясындағы жұмыс толыққанды жауапкершілікті, тәртіпті және кәсіби дағдыларды үнемі жетілдіруді талап етеді. Мен үшін қызмет – өз борышымды адал атқарып, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу мүмкіндігі, – деді Балнұр Ахметханова.
Жедел бөлімнің бастығы, әділет капитаны Дария Мұратбекқызы Аписарова 9 жылдық қызмет өтіліне ие және жедел бөлімшеге табысты жетекшілік етіп келеді. Оның басшылығымен жедел ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті сақтау бойынша міндеттер орындалады.
– Жедел жұмыс мұқияттылықты, жауапкершілікті және дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді. Біздің мамандықтағы ең бастысы – іске деген адалдық, командалық жұмыс және үздіксіз даму, – деп атап өтті Дария Аписарова.









