
Қазақтың ұлы ағартушысы, педагог әрі қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин: «Біздің барлық болашағымыз, халықтың болашағы – мұғалімнің қолында», - деген еді. Ұстаз еңбегінің маңызын айқындайтын бұл сөздің мәні бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі мұғалім – баланың білімге деген қызығушылығын оятып, қабілетін шыңдайтын, өзіне деген сенімін арттыратын және үлкен өмірге бағыт-бағдар беретін тұлға. Бала бойына білім мен еңбектің қадірін сіңіріп, оның болашағына жол ашатын да – мұғалім.
Ұстаздық – тек білім берумен шектелмейтін, үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Әр сабаққа тыңғылықты дайындалып, оқытудың жаңа әдістерін меңгеріп, кәсіби шеберліктеріңізді үнемі жетілдіріп отырасыздар. Сонымен қатар әр оқушының қабілеті мен қажеттілігіне де назар аудару – ұстаз еңбегінің маңызды бөлігі. Бұл жұмыстың нәтижесі бірден байқалмағанымен, оның оқушының тұлғалық дамуына, өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына және болашаққа деген көзқарасына тигізер әсері мол.
Сондықтан педагог мәртебесін нығайту, мұғалімдердің еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау және олардың кәсіби біліктілігін арттыруға қажетті мүмкіндіктерді ұсыну – білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Ұстазға деген құрмет оның еңбегін мадақтаумен ғана өлшенбейді. Бұл педагогтің қоғам алдындағы жауапкершілігін, кәсіби еңбегін және жас ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған үлесін жоғары бағалау болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласын жетілдіруге, педагогтердің мәртебесін арттыруға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша мән беріп келеді. Соңғы жылдары осы бағытта бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, мұғалім мамандығының беделін көтеру, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасау және білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде ұстаздың еңбегі мен жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені әлем жылдам өзгеріп, жаңа мамандықтар мен жаңа технологиялар өмірімізге еніп жатыр. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Сондықтан мұғалім балаға білім беріп қана қоймай, оны өз бетінше ойлауға, жауапкершілік алуға, жаңа нәрсеге қызығуға, цифрлық мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануға және өзгерістерге бейімделуге үйретеді.
Қандай технология пайда болса да, ұстаздың балаға берер жылуын алмастыра алмайды. Мұғалімнің әр оқушымен жеке сөйлесіп, оның қабілеті мен ерекшелігін байқап, қолдау көрсетуі ерекше маңызды. Ұстаз баланың өз күшіне сенуіне, қабілетін дамытуына және болашақта өз жолын табуына бағыт береді.
Ардақты ұстаздар!
Күн сайынғы күрделі әрі аса жауапты еңбектеріңіз, төзімдеріңіз бен мамандыққа деген адалдықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер оқушыларыңызға білім беріп қана қоймай, өмірде дұрыс бағыт таңдауына жол көрсетіп келесіздер.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге лайықты құрмет пен кәсіби жетістіктер тілеймін! Еңбектеріңіз әрдайым бағаланып, оқушыларыңыздың жетістіктері сіздерге қуаныш пен тек мақтаныш сыйласын.
Әр сыныпта өзара құрмет орнап, білімге деген қызығушылық пен жаңа жетістіктерге ұмтылыс арта берсін.
Мерекелеріңізбен, қадірлі ұстаздар! Ұстаздар күні құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
ҚР Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
Асқарбек Ертаев









