ТҮРКІСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОТЫРАР ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ

    ТҮРКІСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОТЫРАР ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ

    Кембридж университетінде «Ортағасырлық Орталық Азиядағы урбанизм мен қала тұрақтылығын зерттеудің археологиялық тәсілдері» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиында түркістандық ғалымдар Отырар мен Оңтүстік Қазақстандағы ортағасырлық қалаларға қатысты археологиялық зерттеулерінің нәтижелерін таныстырды.

    Іс-шараны Кембридж университетінің King’s College жанындағы King’s Silk Roads бағдарламасы мен McDonald Institute for Archaeological Research институты ұйымдастырды. Ғылыми жиында Отырар қаласы және қазіргі Түркістан облысының аумағындағы басқа да ортағасырлық қалалар негізгі зерттеу нысаны болды.

    Конференцияға Қазақстаннан белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Мұхтар Қожа, аталған университеттің қауымдастырылған профессоры, PhD Бақдәулет Сыздықов, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің оқытушысы, PhD Әли Әлімбекұлы, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Тарих кафедрасының оқытушысы, докторант Шыназ Алмазұлы және басқа да ғалымдар қатысты.

    Конференция бағдарламасында Отырар қаласының даму тарихы, Оңтүстік Қазақстанда исламның таралуының алғашқы кезеңдері, Отырар оазисіндегі Қаңлы дәуіріне жататын қоныстар, археологиялық картография және қашықтан зондтау, X–XV ғасырлардағы Отырардың экономикасы мен сауда байланыстары, жерлеу дәстүрлері, су жүйелері, егіншілік пен өсімдік жамылғысы, сондай-ақ Күлтөбе қалашығының археологиясы қамтылды. Ғылыми баяндамалар қазақ және ағылшын тілдерінде жасалды.

    Профессор Мұхтар Қожа әріптестерімен бірге «The Discovery of Mihrabs in the Dwellings of Otrar’s Rabad and Questions of the Initial Stage of the Spread of Islam in Southern Kazakhstan» атты зерттеуін ұсынды. Баяндамада 2025 жылы Отырар рабадында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері, тұрғын үйлерден анықталған михрабтар, исламға дейінгі наным-сенімдермен байланысты археологиялық белгілер, қаланың стратиграфиясы және радиокөміртекті зерттеу нәтижелері таныстырылды. Бұл материалдар Қазақстанда исламның таралуының ерте кезеңдерін археологиялық деректер арқылы нақтылауға мүмкіндік береді.

    Бақдәулет Сыздықов Келес аңғарында қалалық мәдениеттің қалыптасу ерекшеліктері мен Күлтөбе қалашығында жүргізілген археологиялық және пәнаралық зерттеулердің нәтижелерін таныстырды.

    Әли Әлімбекұлы Отырар және Құйрықтөбе археологиялық ескерткіштеріндегі жерлеу орындарының сәулеттік ерекшеліктері мен жерлеу дәстүрлерін талдады.

    Шыназ Алмазұлы Күлтөбе қалашығындағы археологиялық зерттеулердің негізгі бағыттары мен нәтижелерін таныстырды. Ал археолог Серік Ақылбек Отырар оазисіндегі Қаңлы кезеңіне жататын қоныстардың құрылымы мен кеңістікте орналасу заңдылықтарын талдаған зерттеуін ұсынды.

    Ғылыми жиынға Отырар мен Орталық Азияның ортағасырлық қалаларын зерттеп жүрген шетелдік ғалымдар да қатысты. Кембридж университетінің King’s College зерттеушісі, археолог доктор Кэти Кэмпбелл Отырардың қалалық даму циклі туралы зерттеуін таныстырды. Сондай-ақ шетелдік ғалымдар археологиялық картография мен қашықтан зондтау, X–XV ғасырлардағы Отырардың экономикасы мен сауда байланыстары, егіншілік, су жүйелері және қоршаған орта тарихы туралы баяндамалар жасады.

    Қазақстандық ғалымдардың Кембриджге сапары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын, Халықаралық туризм және меймандостық университеті жүзеге асырып жатқан «Қазақстанға ислам дінінің енуін және таралуын археологиялық және жазба деректер негізінде зерттеу» ғылыми бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

    Іссапардың негізгі мақсаттарының бірі – Кембридж университетінің кітапханалары мен Британ музейі кітапханасының қорларындағы Қазақстан мен Орталық Азияға ислам дінінің енуі мен таралу тарихына қатысты жазба деректерді, қолжазбалар мен архив материалдарын анықтау және зерделеу. Ғалымдар бұрын ғылыми айналымға толық енгізілмеген дереккөздердің ғылыми жоба міндеттерін шешудегі маңызын қарастырды.

    Сондай-ақ Түркістан, Отырар және Тараз қалаларындағы тарихи нысандардан алынған зерттеу үлгілері Кембридж университетінің зертханасына ғылыми-зертханалық талдау жүргізу үшін тапсырылды.

    Ғалымдар 2025 жылдан бері Отырарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл Отырар қалашығындағы қазба барысында Алтын Орда дәуіріне жататын мешіт орны, тас төселген көше және баспалдақ тәрізді құрылымдар анықталып, жерлеу орындары мен түрлі археологиялық жәдігерлер зерттелді.

    Бұдан бөлек, профессор Мұхтар Қожа Кембридж университетінде көпжылдық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып, «Абылай ханның қабірінің зерттелуі» тақырыбында арнайы ғылыми баяндама жасады. Сондай-ақ ол Кембридж университетінің кітапханасына Оразақ Смағұлұлы, Алмагүл Оразаққызы және өзі бірлесіп жазған «Абылай хан» монографиясын, сондай-ақ «Ортағасырлық Отырар: аңыздар, деректер, зерттеулер» және «Позднесредневековые города и поселения Казахстана» атты ғылыми еңбектерін сыйға тартты.

    Іссапар барысында ғалымдар Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Бақаевпен кездесті. Кездесуде тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ғылыми байланыстарды дамыту, археология және тарих салаларындағы халықаралық зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылыми деректермен алмасу және академиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

    Кембриджге жасалған іссапар Отырар мен Түркістан облысы аумағындағы ортағасырлық қалалар туралы жинақталған жаңа археологиялық деректерді халықаралық ғылыми ортада талқылауға, шетелдік кітапхана және архив қорларындағы материалдарды зерттеуге, археологиялық үлгілерді заманауи зертханалық әдістермен талдауға және қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік берді.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары