
Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыруда әрбір көшеттің маңызы бар. Ал сапалы отырғызу материалының жеткілікті болуы — атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың негізгі шарттарының бірі. 26 қыркүйекте Экология және табиғи ресурстар министрі А.С. Қуантыров Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Арал теңізінің құрғаған табанындағы орман-мелиорациялық жұмыстармен танысып, Қазалы қаласындағы екі орман тұқымбағын аралады. Соның бірі — Республикалық орман селекциялық-тұқым шаруашылығы орталығының тұқымбағы. Мұнда жоспарланған 300 мың көшеттің орнына 450 мың сексеуіл көшеті өсірілді. Бұл белгіленген нормадан 50%-ға артық. Тұқымбақтарда сексеуіл тұқымын себу және орман-мелиорациялық жұмыстарды қажетті отырғызу материалдарымен қамтамасыз ету жалғасуда. Сапар қорытындысында жаңадан құрылған екпелердің сақталуына ерекше назар аудару, олардың жерсіну деңгейіне мониторингті күшейту және күтім жұмыстарын уақытылы жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар Аралдың құрғаған табанындағы көпжылдық тәжірибе мен ғылыми зерттеулерді ескере отырып, орман-мелиорациялық жұмыстарды ғылыми сүйемелдеуді күшейту, салынып жатқан тұқымбақты уақытылы аяқтап, жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген сапалы көшеттер өсіруге пайдалану міндеті қойылды. Жұмыс сапары аясында Министр аумақтық инспекция мен Экология департаментінің қызметкерлерімен де кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Арал табанындағы әрбір жаңа көшет — ұзақ мерзімді әрі жүйелі еңбектің нәтижесі.









