
Елордалық спортшылар – Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Аида Хакимжанова, Айзере Нұрмағамбетова және Мәдина Мырзабай Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында көркем гимнастикадан топтық көпсайыста қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Финалда Қазақстан құрамасы екі жаттығу орындады. Бес доппен орындалған композиция үшін команда 25,450 ұпай, ал үш шығыршық және екі ұршықпен орындалған жаттығу үшін 26,100 ұпай алды.
Екі жаттығудың қорытындысы бойынша қазақстандық гимнастар 51,550 ұпай жинап, үшінші орын иеленді.
55,300 ұпай жинаған Қытай құрамасы бірінші орын алды. Ал Жапония құрамасы 52,500 ұпай нәтижесімен екінші орынға тұрақтады.
Осылайша, елордалық гимнастар ұлттық құрама сапында XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.








