
Астанада күзгі «Таза Қазақстан» экологиялық айлығы аясында 3 қазан күні жалпы қалалық ауқымды экологиялық акция өтті. Елорданы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмысына 173 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Экологиялық акцияға тұрғындар, жастар, студенттер, волонтерлер, қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Акцияға шамамен 2 430 кәсіпорын, ұйым, мекеме, басқарушы компания, ПИК және МИБ қатысты.
Нәтижесінде 3 400 аула ретке келтіріліп, 180 саябақ пен гүлзар тазаланды. Бұл жұмысқа 640 арнайы техника жұмылдырылды.
470 тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды.
Елорданы көгалдандыру бағытында да ауқымды жұмыс жүргізілді. Акцияға қатысушылар шамамен 2 мың ағаш пен 1 900 бұта отырғызды.
Экологиялық акцияларға «Самұрық-Қазына» АҚ, Freedom Finance, Банк ЦентрКредит және «Алатау Сити» қызметкерлері де қатысты.
Индустриялық парк аумағындағы кәсіпорындарға іргелес аумақтарды ірі өнеркәсіптік компаниялардың қызметкерлері тазартты.
Олардың қатарында «Тау-Кен Алтын» ЖШС, «ModeX Astana» ЖШС, «Selena Insulations» ЖШС және «STAHLBAU» ЖШС бар.
Қаланың коммуналдық қызметтері де ауқымды жұмыс атқарды. «Елорда Эко Систем», «Астана су арнасы», «Астана Теплотранзит», «АРЭК» және «Астана-Энергия» кәсіпорындарының 1 мыңға жуық қызметкері тазалық жұмысына шықты.
Экологиялық акцияға қаланың мәдениет, өнер және демалыс саласындағы 13 мекемесі де қатысты. Олардың қатарында «Жастар» сарайы, Елордалық цирк, Біріккен музейлер дирекциясы, М. Горький атындағы орыс драма театры, «Наз» би театры, Қуыршақ театры, «Жастар театры», А. Мәмбетов атындағы драма және комедия театры, Музыкалық жас көрермен театры, «Қанаттылар» инклюзивті театры, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, Мәдени іс-шараларды өткізу дирекциясы және Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония бар.
Еске салайық, «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы 12 қыркүйекте басталып, Астананың барлық ауданында жүріп жатыр. Ол елорданың санитарлық және экологиялық жағдайын жақсартуға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және қала тазалығына ортақ жауапкершілік мәдениетін арттыруға бағытталған.
Экологиялық іс-шараларға кез келген ниет білдіруші қатыса алады.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan








