
Саясат Нұрбек STS Forum 2026 аясындағы ғылым және технологиялар министрлерінің дөңгелек үстеліне қатысты
Киото қаласында 23-ші жыл сайынғы Science and Technology in Society (STS Forum) форумы аясында ғылым және технологиялар министрлерінің дөңгелек үстелі өтті. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
Кездесу барысында тиісті ведомстволардың басшылары мен өкілдері қоғамдағы, геосаяси кеңістіктегі және технологиялар саласындағы қарқынды өзгерістер жағдайында ғылым мен технологиялардың рөлін, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.
Саясат Нұрбек өз сөзінде технологиялардың тоғысуы жағдайында мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі адами капиталды тиімді дамытуға, ғылыми жаңалықтар ашуға қолайлы жағдай қалыптастыруға және жаңа технологияларды іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін әлеуетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Бүгінде біздің алдымызда жаңа буын мамандарын даярлау ғана емес, ғылыми білім мен технологиялық шешімдерді жаңа өнімдерге, компаниялар мен тұтас салаларға айналдыруға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру міндеті тұр. Қазақстан үшін бұл адами капиталды дамытудан білім мен озық технологияларға негізделген экономиканы қалыптастыруға кезең-кезеңімен көшуді білдіреді», – деді министр.
Талқылау барысында жасанды интеллектіні дамытуға және оның білім мен ғылымды трансформациялаудағы рөліне ерекше назар аударылды. Қазақстан студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ технологиялық жобаларды іске асыруға қажетті жағдай жасауға бағытталған ұлттық AI-Sana бағдарламасын жүйелі түрде кеңейтіп келеді.
Министрдің айтуынша, келесі кезең – дарынды жастардың технологияларды меңгеруден ғылыми зерттеулер жүргізуге, инновациялық шешімдер әзірлеуге және өздерінің deep-tech жобаларын құруға дейінгі кәсіби даму траекторияларын қалыптастыру.
Қазақстанның халықаралық күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі – Еуразиялық академиялық орталық құру. Еліміз жетекші шетелдік университеттермен және ғылыми ұйымдармен стратегиялық серіктестік желісін қалыптастырып келеді. Негізгі жобалардың қатарында Cardiff University кампусын дамыту, Алатауда KAIST кампусын салу, сондай-ақ еуропалық университеттермен және ғылыми-зерттеу консорциумдарымен ынтымақтастықты кеңейту бар.
Форум аясында халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанның жаһандық ғылыми кеңістікке қатысуын кеңейту, соның ішінде еуропалық ғылыми-зерттеу бағдарламаларымен өзара іс-қимылды дамыту мәселелері де талқыланды.
Дөңгелек үстелге Чили, Мысыр, Эстония, Иран, Марокко, Сенегал, Словения, Судан, Уганда және Өзбекстанның министрлері мен бейінді ведомстволарының өкілдері қатысты.
Қазақстанның STS Forum 2026-ға қатысуы – халықаралық ғылыми-технологиялық байланыстарды нығайтуға, жасанды интеллект саласындағы ұлттық бастамаларды ілгерілетуге, сондай-ақ қазақстандық ғалымдар, инженерлер мен технологиялық кәсіпкерлердің жаһандық инновациялық экожүйеге кірігуі үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған жұмыстың жалғасы.









