
«Аламан Құрақ» жобасына қатысушылар марапатталды
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаевтың қатысуымен ұлттық қолөнерді дәріптеуге және дәстүрлі құрақ өнерін жаңғыртуға үлес қосқан «Аламан Құрақ» жобасының қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шара барысында Мұрат Мұқаев жобаға қатысушыларды және барша аға буын өкілдерін 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан ізгі тілегін жеткізіп, барша қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі.
Шара барысында ұлттық мұраны ұлықтап, ауқымды жобаға белсенді атсалысқан қолөнер шеберлеріне алғыс білдіріліп, бірқатар қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды.
Мұрат Мұқаев өз сөзінде «Аламан Құрақ» жобасының ұлттық өнерді насихаттап қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, қоғамдық бірлікті нығайтуға және қазақтың дәстүрлі қолөнерін кеңінен танытуға ықпал етіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жобаға қатысушылардың еңбегі кейінгі буынға өнеге екенін айтты.
«Аламан Құрақ» – ұлттық өнерді ұлықтаған ауқымды жоба.
Жобаның авторы – ұлттық қолөнерді насихаттаушы Нұргүл Абайхан. 2023 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба еліміздің түкпір-түкпіріндегі қолөнер шеберлерін бір арнаға тоғыстырып, қазақтың дәстүрлі құрақ өнерін жаңа деңгейге көтеруге бағытталып келеді.
Жоба аясында бірнеше ұлттық және халықаралық рекорд тіркелді. 2025 жылы Алматы қаласындағы «Медеу» мұз айдынында 660 құрақшының қатысуымен өткен ауқымды шара Global Book of Records кітабына енгізілді.
Жобаның ерекшелігі – оған 6 жастан 90 жасқа дейінгі әр буын өкілдерінің қатысуы. Бұл – ұлттық өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ел бірлігі мен рухани сабақтастықтың берік негізіне айналып келе жатқанының айқын көрінісі.
«Аламан Құрақ» бүгінде қазақтың төл өнерін дәріптеп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, қолөнер шеберлерін біріктіретін және Қазақстанның мәдени мұрасын кеңінен танытатын маңызды мәдени бастамаға айналды.









