Қазақстан Белградта Ұлы дала мәдениетін таныстырды

    ·Жаңалықтар мұрағаты

    Белград, 2026 жылғы 1 қазан – Жыл сайын өтетін халықаралық Ethnology Fest фестивалі аясында биыл «назардағы ел» ретінде таңдалған Қазақстанның мәдени мұрасы таныстырылды.

    Этнографиялық музейде өткен іс-шараға Сербияның Мәдениет министрі Никола Селакович, Гендерлік теңдік министрі Татьяна Мацура, Сербияның іскерлік, мәдени, академиялық және БАҚ өкілдері, сондай-ақ, Сербияда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Іс-шара Сербияның Бірінші ханымы Тамара Вучичтің қолдауымен ұйымдастырылды.

    Бағдарлама аясында Қазақстанның Aspara сән үйінің туындылары ұсынылып, қобыз аспабындағы танымал орындаушысы Акерке Тәжібаеваның музыкалық өнері паш етілді.

    Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Қазақстанда Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасы мен дәстүрлерінің қадір-қасиеті жоғары бағаланатынын, оларды кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында ұлттық мәдени кодтың қалыптастырылып, заманауи мәдениетпен үйлесімді сабақтастырыла дамып келе жатқанын атап өтті.

    Сондай-ақ, Елші Қазақстан мен Сербия арасындағы биыл атап өтілетін дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай мәдени дипломатия екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудың маңызды тетігі болып табылатынын атап жеткізді.

    Фестиваль қонақтары Қазақстан дизайнерлерінің шығармашылығына үлкен қызығушылық танытып, қазақ халқының дәстүрлері мен ұлттық өнерінің өзіндік ерекшелігін жоғары бағалады. Әсіресе ұлттық киімдерге, дәстүрлі элементтердің заманауи үйлесуіне және музыкалық өнерге ерекше назар аударылды.

    EthnologyFest– материалдық емес мәдени мұраны кеңінен насихаттауға, мәдени бірегейлікті сақтауға, сондай-ақ, дәстүрлі қолөнерді заманауи сәнмен ұштастыруға бағытталған жыл сайынғы халықаралық фестиваль.2026 жылы фестивальдің 10 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан шығармашылық ұжымының қатысуы QazaqCreativeКреативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары