
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ұйымдастыруымен ағаш отырғызу шарасы өтті.
Басқарманың Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Батырхан Қасымовтың айтуынша, мұндай шаралар қаланы көгалдандырумен қатар, кәсіпкерлерді экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға үндейді.
«Бүгін KMF Банкінің ұжымымен бірге ағаш отырғызып, қаламызды көгалдандыруға өз үлесімізді қосып жатырмыз. "Таза Қазақстан" акциясы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, қаламыздың тазалығы мен көркеюіне атсалысудың маңызын көрсетеді», – деді.
Өз кезегінде KMF Банкінің Астана қаласындағы филиалының директоры Мұрат Досмұхамедов банк ұжымы қаланы көгалдандыруға бағытталған бастамаларды қолдайтынын атап өтті.
«Мұндай шараларға қатысу – қаламызға деген жанашырлығымыздың көрінісі. Бүгін ұжымымызбен бірге ағаш отырғызып, Астананың жасыл әрі жайлы қала болуына үлес қосып жатырмыз. Алдағы уақытта да осындай игі бастамаларды қолдауға дайынбыз», – деді Мұрат Досмұхамедов.
Акция барысында қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызып, елорданы көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Шара тұрғындар мен бизнес өкілдерінің экологиялық жауапкершілігін арттыруға және қалада жасыл желекті көбейтуге бағытталған.








