
Шымкент қаласының Нотариаттық палатасында нотариаттық қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында семинар өтті.
Аталған шараға Шымкент қаласының Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова, Жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Асем Есимова, Шымкент қаласының Нотариаттық палатасының төрағасы Гүлнар Жүнісбекова, сондай-ақ нотариустар қатысты.
Семинар барысында Шымкент қаласының Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және заңгерлік көмек көрсету бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Айдаров нотариаттық қызмет саласындағы заңнамалық өзгерістерге қатысты баяндама жасады.
Іс-шарада 2026 жылғы 8 шілдеде қабылданған нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері жөніндегі заңнамалық өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, атқарушылық жазбаларды жасау, борышкерлерді хабардар ету тәртібі, аумақтылық талаптарын сақтау, өтініштерді автоматты түрде бөлу, сондай-ақ нотариустардың қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерді жүргізудің негіздері мен талаптары қарастырылды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан тиісті түсіндірмелер алды. Семинар заңнамадағы жаңашылдықтарды тәжірибеде дұрыс әрі біркелкі қолдануға бағытталды.







