Астанада туризмді дамыту мәселелері талқыланды

    Астанада туризмді дамыту мәселелері талқыланды

    Астана қаласының мәслихатында елордадағы туризмді дамыту мәселелеріне арналған қоғамдық тыңдау өтті.

    Жиында Астанаға туристерді көбірек тарту, оқиғалық және іскерлік туризмді дамыту, туристік нысандардың қолжетімділігін арттыру, тікелей әуе рейстерінің санын көбейту және қала қонақтары үшін жаңа тартымды орындар ашу мәселелері талқыланды.

    Қоғамдық тыңдауда Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов баяндама жасап, саланың қазіргі жағдайы мен алдағы даму бағыттарына тоқталды.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Астанаға 829 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға көп. Оның 187 мыңы – шетелдік қонақтар. Шетелдік туристердің негізгі бөлігі Ресей, Қытай және Түркиядан келген.

    Бүгінде елордада 100-ден астам туристік нысан мен 340 қонақ үй бар. Экскурсиялық қызметті 140-тан астам кәсіби гид көрсетеді. Биыл Қазақстан теміржолы музейі, Lumiere Hall мультимедиялық музейі, Сингулярлық музей және «Лес» экопаркі этнокешені сияқты жаңа нысандар ашылды.

    Сонымен қатар, жиында Астана қаласының туризм саласын дамытудың 2026–2031 жылдарға арналған стратегиясын әзірлеу барысы сөз болды. Стратегия туристік ағынды ұлғайтуға, қонақтардың қалада болу мерзімін ұзартуға және олардың шығыстарын арттыруға бағытталған.

    Халел Әкімжанов туризмді одан әрі дамыту үшін мемлекеттік органдардың, туристік бизнес өкілдерінің, қонақ үйлердің, көлік компанияларының, шағын және орта бизнестің, сондай-ақ мәдениет және іс-шаралар саласындағы ұйымдардың бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті.

    Қазір стратегия аясында инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру, елорданы ілгерілету және туризмнің басым бағыттары бойынша бастамалар әзірленуде. Жұмысты қараша айында аяқтап, құжатты Астана қаласы мәслихатының қарауына және бекітуіне ұсыну жоспарланып отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" жаңалықтары