Өмірді сақтап қалған секундтар: Приозерскіде полицейлер қайғылы жағдайдың алдын алды

    Өмірді сақтап қалған секундтар: Приозерскіде полицейлер қайғылы жағдайдың алдын алды

    Өмірді сақтап қалған секундтар: Приозерскіде полицейлер қайғылы жағдайдың алдын алды. Приозерск қаласында санаулы секундтар адам өмірін сақтап қалуға шешуші болды. Полиция қызметкерлерінің шұғыл әрі үйлесімді әрекетінің арқасында 24 жастағы жергілікті тұрғын аман қалды. Кезекші бөлімге тұрғын үйлердің бірінің маңында жас жігіттің өзіне-өзі қол жұмсамақ болғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары – аға лейтенант Азат Абдихаликов, лейтенант Елдос Абуев және аға лейтенант Дархан Мырзабек дереу аттанды. Мекенжайға жеткен полицейлер жас жігіттің арқанға асылып тұрғанын анықтаған. Уақытты жоғалтпастан, қызметкерлер оны төмен түсіріп, арқанды кесіп, дереу алғашқы медициналық көмек көрсете бастаған. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында жас жігіт жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін есін жиды. Медициналық қызметкерлер оны ауруханаға жеткізді. Кейін жас жігіт мұндай қадамға өмірінде қордаланған қиындықтар мен тығырықтан шығатын жол таппағандай сезім себеп болғанын айтқан. Есін жиған соң ол полицейлерге өмірін сақтап қалғаны үшін шынайы алғысын білдірді. Оның айтуынша, сол сәтте барлық жол жабық сияқты көрінген. Алайда дер кезінде жеткен полиция қызметкерлерінің бірнеше секунд ішінде қабылдаған шешімі қайғылы жағдайдың алдын алды. Бұл оқиға қиын сәтте уақытты жоғалтпай әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті. Кейде адам өмірін сақтап қалуға бар болғаны бірнеше секунд жеткілікті. Ал сол секундтарда кәсібилік, батылдық және адам тағдырына бейжай қарамау шешуші рөл атқарады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының Полиция департаменті" жаңалықтары