Қарағанды полициясы зейнеткерді автобустан түсіріп кеткен дөрекі жүргізушінің әрекетіне қатысты шара қолданды
Қарағандыда полицейлер егде жастағы жолаушыны ірі көлемді жүгімен бірге тура жолдың жүру бөлігіне күштеп түсіріп кеткен №145 қалалық автобус маршрутының жүргізушісін жауапкершілікке тартты.
Тексеруге әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамда үлкен резонанс тудырған бейнежазба негіз болды. Куәгерлер қоғамдық көлік жүргізушісінің қарияға деген ашық дөрекілігі мен құрметсіздік танытқан сәтін видеоға түсіріп алған.
Жанжалға зейнеткердің жүгі себеп болған. Жүргізуші жолаушыдан салоннан шығуды талап етіп, азық-түлік салынған сөмкелерін жол жиегіне шығарып тастаған. Оның оқыс әрекетінен қаптама жыртылып, ішіндегі алма мен қызанақ асфальтқа шашылып, өтіп бара жатқан көліктер мен автобустың өз дөңгелегінің астында тапталып қалған.
Қалалық полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жедел анықтап, 40 жастағы жүргізушіні полиция бөліміне жеткізді. Жиналған әкімшілік іс материалдары процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар ер адамға жолаушылар мен жүкті тасымалдау қағидаларын сақтамағаны үшін 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот шешімі шыққанға дейін жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









