Атырау қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Әкелер патрулі» түнгі рейдке шықты.
«Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылған рейдке полиция қызметкерлерімен бірге білім беру ұйымдарындағы белсенді әкелер қатысты. Рейдтік топтар қала көшелерін, саябақтарды, аулаларды, ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарды аралады.
Тексеру барысында түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз жүрген 24 жасөспірім анықталды. Олармен және ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, заңнама талаптары мен түнгі уақытта қараусыз жүрудің қауіп-қатері түсіндірілді. Анықталған деректер бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Түнгі уақытта бақылаусыз жүрген жасөспірім түрлі құқық бұзушылықтың қатысушысы ғана емес, қылмыстың құрбанына да айналуы мүмкін. Сондықтан рейдтің негізгі мақсаты – жазалау емес, қауіптің алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау.
Жыл басынан бері Атырау қаласында ойын-сауық орындарында сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін, сондай-ақ тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілінсіз жүрген 1012 жасөспірім анықталған.
Полиция ата-аналарға балаларының бос уақытын бақылауда ұстап, олардың қайда және кіммен жүргеніне назар аудару қажеттігін ескертеді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне жол бергені үшін жауапкершілік көзделген.
Баланың түнгі уақытта қараусыз жүруі – жай ғана тәртіп бұзушылық емес, оның қауіпсіздігіне төнетін нақты қатер. Бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі – ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі.