
Қарттар күніне орай Сырдария ауданы полиция бөлімінің басшылығы мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еспенбетов Марат 104 жастағы Яхия атамыздың шаңырағына арнайы барып, мерекесімен құттықтады.
Кездесу барысында ақсақалға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық пен береке тілеп, ізгі ниеттерін білдірді.
Ғасырдан астам ғұмыр кешіп, өмірдің талай белесін артқа тастаған Яхия атамыздың өнегелі өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Ақсақалдың әрбір сөзі мен өмірлік тәжірибесі жас буын үшін тағылымы мол тәрбие мектебі.
Кездесу барысында полиция бөлімінің басшылығы мен Ардагерлер кеңесінің өкілдері ақсақалдың ақ батасын алып, жүрекжарды тілектерін тыңдады. Қазақ халқында аға буынға құрмет көрсету, үлкеннің батасын алу – ұрпақ тәрбиесінде ерекше орын алатын ұлттық құндылықтардың бірі.
– Яхия ата, жасыңызға жас, ғұмырыңызға ғұмыр қосылсын! Деніңізге саулық, шаңырағыңызға береке, ұрпағыңызға амандық тілейміз. Әрдайым бала-шағаңыздың ортасында, ел-жұрттың құрметіне бөленіп, төрде ақ батамен отыра беріңіз! – деген ақжолтай тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде Яхия ата келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Қартын қадірлеген елдің мерейі үстем. Осындай тағылымды кездесулер аға буынға деген құрметті арттырып, олардың өмірлік өнегесін кейінгі ұрпаққа насихаттауға мүмкіндік береді.







