
Абай облысының Семей қаласы бойынша қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алаяқтық, яғни бірнеше рет алдау арқылы бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде иемдену қылмысын жасаған 45 жастағы ер адамға қатысты сот үкімін шығарды.
Анықталғандай, 2020–2022 жылдар аралығында 45 жастағы ер адам азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, түрлі сылтаулармен олардың ақшалай қаражатын иемденген.
Жәбірленушілердің біріне ол мемлекеттік бағдарламалар аясында тиімді бағамен пәтер сатып алуға көмектесетін таныстары бар екенін айтқан. Одан ақша алғаннан кейін, шын мәнінде, уәдесін орындауға ниеті болмаған.
Кейін ол автокөлікті қайта сату мақсатында сатып алу, құрылыс материалдарын алу және басқа да мәселелерді шешу сылтауымен жәбірленушіден қайтадан ақша алған. Оған келтірілген жалпы залал көлемі 9 820 000 теңгені құрады.
Екінші жәбірленушіге сотталған азамат жылжымайтын мүлікті төмендетілген бағамен сатып алуға, мүгедектік рәсімдеуге және мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алу кезегіне тұруға көмектесетін байланыстары мен мүмкіндіктері бар екенін айтқан. Осы сылтаулар арқылы ол жалпы сомасы 5 280 000 теңге көлемінде ақша алған.
Сотта зерттелген дәлелдемелердің жиынтығымен, оның ішінде жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, банк аударымдары және шот көшірмелерімен сотталған адамның кінәсі дәлелденді.
Сот оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің пайдасына тиісінше 9 820 000 және 5 130 000 теңге көлемінде материалдық залалды өндіріп алу туралы шешім қабылдады.
Сот үкімімен сотталған азаматтан Жәбірленушілерге өтемақы қорының пайдасына 20 АЕК, яғни 61 260 теңге мәжбүрлі төлем өндірілетін болды.
Абай облысы Полиция департаменті ескертеді: қомақты қаржыға түрлі мәселелерді шешуге, тұрғын үй алуға, құжаттарды рәсімдеуге, мемлекеттік қызметтерді алуға және басқа да мәселелерге көмектесуге уәде беретін адамдарға сенбеңіздер.
Бейтаныс адамдарға ақша бермеңіздер және олар ұсынған ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеріңіздер.








