
Отырыс барысында зардап шеккен әйелге көмек көрсету маршрутын оның көмек сұраған сәтінен бастап қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дағдарыс орталығына орналастыру, қажетті медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ кейінгі қолдауды қамтитын барлық кезеңдерді ескере отырып қарастыру қажеттігін атап өттім.
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған аналармен бірге тұратын кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Полиция департаменті мен дағдарыс орталығы өкілдерінің ақпараты тыңдалып, азаматтық сектор өкілдерінің пікірлері ескерілді. Талқылау барысында әйелдерге шұғыл көмек көрсету, сондай-ақ оларды түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері дағдарыс орталықтарына қабылдау тәртібі қаралды.
Әйелдерді құжаттары болмаған жағдайда қабылдау мүмкіндігі, олардың физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ дағдарыс орталығынан шыққаннан кейін қолдау көрсету, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау мәселелері жеке қаралды. Сонымен қатар облыс аудандарында тұратын әйелдер үшін әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмектің қолжетімділігі талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету жөніндегі практикалық алгоритмдерді жетілдіруге бағытталған Сараптамалық кеңестің ұсынымдары әзірленіп, қабылданды.









