
Балалардың тұруы мен білім алу жағдайларымен, тамақтануды ұйымдастырумен, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетумен, бос уақытын ұйымдастырумен, сондай-ақ материалдық-техникалық базаның жай-күйімен таныстық. Тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, психологиялық ахуалға және мекеменің күзгі-қысқы кезеңге дайындығына ерекше назар аударылды.
Балалармен жеке және топтық әңгімелесулер өткізілді. Әңгімелесу барысында тұру жағдайлары, оқу үлгерімі, құрдастарымен және педагогтармен қарым-қатынасы мәселелері талқыланды. Сонымен қатар мекеме әкімшілігімен және педагогикалық ұжыммен кездесулер өткізілді.
Балалардың құқықтарын сақтау мәселелері БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы өзге де халықаралық стандарттардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен бала құқықтары және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы ұлттық заңнаманың ережелері ескеріле отырып қаралды.
Іс-шара қорытындысы бойынша мекеме басшылығымен және жауапты мамандармен балалардың тұруы мен білім алуына тиісті жағдайларды одан әрі қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қажетті әлеуметтік, медициналық және өзге де қызметтерді алу мәселелері талқыланды.
Іс-шараға ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары және Солтүстік Қазақстан облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі қатысты.








