
Түркістан облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысының орынбасары Әбдіислам Әбдіқадіров баяндады.
«2026 жылдың басынан бері облыс аумағында 288 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға төмен. Дегенмен, өрт салдарынан 5 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алған. Өрттен келген материалдық шығын көлемі 1 млрд 97 млн 243 мың теңгені құрады. Өткен жылыту маусымында облыста көміртек тотығымен уланудың 3 жағдайы тіркеліп, салдарынан Ордабасы, Түлкібас және Сауран аудандарында 6 адам қайтыс болған, 3 адам жарақат алған. Осыған байланысты жылыту маусымы қарсаңында тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және газдан уланудың алдын алу мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, облыстың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, әр ауданда газ техникалық инспекциясы құрылған. Қазіргі уақытта аталған құрылымдарда 239 білікті маман жұмыс істейді. Олар газ тұтыну жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техникалық талаптардың сақталуын бақылау және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Газдан уланудың алдын алу мақсатында 2026 жылдың басынан бері газ жүйесімен қамтамасыз етілген 1200-ге жуық жеке тұрғын үйге газ сигнализаторы орнатылған. Алдағы уақытта әкімдік пен демеушілердің қолдауымен құрылғыларды сатып алып, тұрғын үйлерге орнату жұмыстары жалғаспақ. Жылыту маусымы аяқталғанға дейін тұрғын үй секторындағы өрттердің, сондай-ақ газдан улану мен адам өлімінің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жалғасады» - деді спикер.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі









