
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Абай облысының полицейлері Семей қаласындағы аспалы көпірмен жүріп келе жатқан Mitsubishi Pajero көлігінің тіркемесінде «Өрмекші адам» костюмін киген ер адамның отырғаны бейнеленген бейнежазбаны анықтады.
Тексеру барысында бұл ерекше сапардың қаладағы мейрамханалардың бірін жарнамалау мақсатында ұйымдастырылғаны белгілі болды.
Полиция қызметкерлері видеоға қатысушыларды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Mitsubishi Pajero көлігінің 23 жастағы жүргізушісі жолаушыны көлік құралының кабинасынан тыс жерде, яғни тіркемеде тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция назарына жарнамалық түсірілімге қатысқан өзге де азаматтар да ілікті. 18 жастағы «Өрмекші адам» мен оның 25 жастағы түсірілім бойынша серіктесі де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Абай облысы Полиция департаменті кез келген креативті жарнамалық идея қауіпсіздік пен заң талаптарынан аспауы керектігін еске салады.
Заң мен тәртіп – баршаға ортақ. Тіпті суперқаһармандар үшін де.









