
А удан орталығында “Парасат” пікірталас клубы жұмысын бастап, алғашқы отырысы болып өтті.
Басқосуға аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, құқық қорғау органдардың жетекшілері, ауданның зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, жастар, ұлт жанашырлары, БАҚ-ның және саяси партиялардың өкілдері, тұрғындар, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Клубтың мақсаты - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, елдің мұң-мұқтажын, мәселесін жедел шешу. Яғни, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог алаңын қалыптастыру. Сондай-ақ, бірлесе отырып пікір алмасу, талқылау, ұсыныстар қабылдау.
Жиында клуб мүшелері тарапынан бірнеше ұсыныстар айтылып, талап-тілектер тыңдалды. Қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша қызу пікір алмасу болды.
Отырыс соңында аудан басшысы әрбір ұсыныстың хаттамаға енгізілетіндігін айтып, елдік мәселеде азаматтық қоғам институттарын, қоғам белсенділерін, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындарды мейлінше белсенді болуға және клуб аясында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ пікірсайыс клубының келесі отырысын ауыспалы түрде, әр тоқсан сайын ауылдық округтерде өткізіп отыруды ұсынды.
Айта кету керек, бүгінгі отырыста “Парасат” пікірталас клубының ережесі бекітіліп, мақсат-міндеттері айқындалды.









