
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысына қатысты. Онда ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуына және дамуына қолайлы жағдай жасау жайы талқыланды.
Өңірде білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Облыс бойынша ерекше қажеттіліктері бар 13 200 бала тұрады, оның ішінде: 2 801 бала мектепке дейінгі жаста, 10 399 бала мектеп жасында.
1 400-ден астам балада қарым-қатынас және әлеуметтік өзара әрекеттесу бұзылыстары бар.
Шығыс Қазақстанда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация көрсететін 4 мекеме, 1 оңалту орталығы мен 1 аутизм орталығы жұмыс істейді.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту және тәрбиелеу үшін 7 арнайы мектеп, 5 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 7 жекеменшік арнайы мектеп пен балабақша қызмет етеді.
Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды жүзеге асыру үшін педагог-ассистенттердің 450-ге жуық ставкасы енгізілді.
Сондай-ақ педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында «Баршаға арналған мектеп» әдістемелік жинағы әзірленген. Жинақ аймақ көлемінде ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінде табысты қолданылуда.
Ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары үшін «Маршруттық карта» жасалған. Бұл - білім беру, спорттық және бос уақытты тиімді ұйымдастыру қызметтерін алу бойынша іс-әрекеттердің практикалық алгоритмі. Бұл маршрут аутизм спектрі бұзылыстары бар балалардың ата-аналарына қажетті ұйымдар мен мекемелерге жүгіну орындарын іздеуді жеңілдету мақсатында әзірленген.
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, жалпы облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі 29 мыңнан астам адам тұрады.
«Семей ядролық полигонының жабылған күніне орай жергілікті бюджет қаражаты есебінен ерекше қажеттіліктері бар балаларға 15 мың теңгеден біржолғы төлем берілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тең мүмкіндіктерге қол жеткізуі және қоғамға толыққанды бейімделуі үшін техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтер де тұрақты түрде ұсынылады. Жыл сайын осы бағытта 14-15 мың өтініш орындалады. Оңалтудың тиімді әдістерінің бірі - иппотерапия. Өңірде иппотерапия қызметі 2024 жылдан бері көрсетіліп келеді. Өткен жылы «Ақтай» қоғамдық бірлестігімен 2025-2027 жылдарға арналған келісімшарт жасалып, оның аясында 112 адамға үздіксіз қызмет көрсету көзделген», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта Зайсан ауданының Дайыр ауылында 50 мүмкіндігі шектеулі адам иппотерапия қызметін алып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).








