
Хромтау ауданында отбасылық құндылықтарды ұлықтауға, ана еңбегін ардақтауға және өнегелі шаңырақтарды дәріптеуге арналған тағылымды іс-шара өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов қатысып, барша қатысушыларды айтулы қуаныштарымен құттықтады.
Іс-шара барысында көпбалалы аналарға ана еңбегінің лайықты бағасы ретінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері салтанатты түрде табысталды.
Сонымен қатар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» байқауы аясында отбасылық құндылықтарды берік ұстанып, татулығы мен тәрбиесі арқылы кейінгі ұрпаққа өнеге болып жүрген жанұялар марапатталды. Өнегелі отбасылардың өмір жолы, еңбекқорлығы мен береке-бірлігі көпшілікке үлгі ретінде дәріптелді.
Салтанатты шараның тағы бір маңызды бөлігі – жаңа баспанаға ие болған азаматтарға тұрғын үй кілттерін табыстау рәсімі болды. Өз шаңырағына қол жеткізген қоныс иелері үшін бұл күн ерекше қуанышқа толы болды.
Жиында аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов отбасының қоғамдағы маңызына тоқталып, жаңа қоныс иелері мен марапат иелерін құттықтады.
«Отбасы – мемлекеттің берік тірегі, қоғамның алтын діңгегі. Ал сол шаңырақтың жылуы мен берекесін сақтап, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосатын – аяулы аналарымыз. Бүгінгі марапаттар мен қуаныштар – еңбектің, жауапкершіліктің, отбасыға деген адалдықтың лайықты бағасы. Жаңа үйлердің кілтін қолға алу – жаңа өмірдің бастауы, отбасы үшін айтулы қуаныш. Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпей, әр үйде қуаныш пен жақсылық орнай берсін!»
Шара барысында отбасы институтының маңыздылығы, ана еңбегінің қадірі мен берекелі шаңырақтың қоғамдағы орны айқын көрініс тапты. Ізгі ниет пен ақжолтай тілектерге ұласқан жиын қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, отбасылық құндылықтарды дәріптеудің маңызын тағы бір мәрте айқындады.








