
Полиция сержанты Әділ Алдабергеновтің жұмыс күні кабинеттен басталмайды. Ең алдымен ол төрт аяқты серігінің жағдайын тексеріп, күтім жасап, алдағы жаттығуларға дайындайды.
Әділ Жетісу облысы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында қызмет атқарады. Ішкі істер органдарында 2023 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қызметтік итпен күнделікті жаттығу жасау оның кәсіби қызметінің ажырамас бөлігіне айналған.
Әрбір команда, қимыл мен әрекет бірнеше мәрте пысықталады. Бағыныштылық, із кесу, кедергілерден өту және арнайы тапсырмаларды орындау — мұның барлығы тұрақты дайындықты талап етеді. Себебі нақты қызметтік жағдайда әр секунд маңызды.
Кинолог үшін қызметтік ит — жай ғана көмекші емес, сенімді серік. Күнделікті бірлескен жұмыс барысында олардың арасында ерекше байланыс қалыптасады. Кинолог төрт аяқты серігінің мінезін, әрекетін жақсы танып, оны сөзсіз түсінуге үйренеді.
Кинологтар қызметтік иттермен бірге жедел-профилактикалық және іздестіру іс-шараларына қатысып, аумақтар мен нысандарды тексеруге, сондай-ақ полицияның өзге бөлімшелеріне қызметтік міндеттерді орындау кезінде көмек көрсетеді.
Қызметтік иттің санаулы минутта көрсеткен нәтижесінің артында кинологтың ұзақ уақыт бойы атқарған еңбегі, шыдамдылығы мен күнделікті жаттығулары жатыр.
Кинологтың бір күні — адам мен төрт аяқты серігінің өзара сеніміне негізделген тынымсыз қызмет. Оларды біріктіретін ортақ міндет — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыспен күреске үлес қосу.








